Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Достарым Найман дейді": Африкалық азамат қазақтың ұлттық тағамы мен киімін жарнамалап көпке танылып жүр

Қазақтың ұлттық ас-суын африкалық жігіт жарнамалап жүр. Біздің елге спорт мансабымен келіп, кейін арманынан бас тартқан Аджибола Аканни қазір желіде өз көрермендерін тапқан. Қазақтың ұл-қыздарына дәріс беріп те үлгерген ол ұлтымызға қатысты түрлі тақырыпты әзілмен астарлап жеткізеді екен.

Осылайша танымал бола бастаған экс-футболшыны қорқытатындар да бар көрінеді. Бұл туралы "Сенбілік жаңалықтар" бағдарламасында айтылды.

Кәрі құрлықтан Қазақстанға келген жігіттің мақсаты әп-сәтте орындала қойған жоқ. 2019 жылы еліміздегі ірі клубтарға Нигериядан трансфер жасау үшін бір топ ойыншы келген. Арасында Аджибола Аканниде бар. Бірақ ыстық құрлықтың жігітіне мұндағы ауа райыны бой үйрету оңай болмапты. Астананың ызғары алдына қойған мақсатына тұсау салған екен.

"Мұнда ең алғаш келгенімде қатты суық болды. Екі апталық жаттығудан кейін мен жарақат алып, оның үстіне ауа райының қолайсыздығынан бейімделе жасай алмағандықтан футболдан бас тарттым", - деді тиктокер Аджибола Аканни. 

Аджибола Нигерияда психология мамандығы бойынша дәріс алған екен. Осында келгеннен кейін ұстаздық жолды жаңғыртып, ағылшын тілінен дәріс беруге кірісіпті. Уақыт өте келе жақын достар да тапқан. Соның бірі әңгіме барысында TikTok-қа видео түсіруге кеңес берген. Басында ұялып, қысылған жігіт алғашқы видеоларының бірі миллонға жуық қаралым жинағанда шабыттана түсіпті.

"Мен TikTok-қа екі-үш ай бұрын тіркелдім. Ең бірінші салған видеоларым миллион қаралым жинаған кезде шыныменде қатты қуандым. Қазір карантин кезінде бос уақытым көп болғандықтан өзімнің актерлік шеберлігімді де осы жерде арттырғым келді", - деді тиктокер.

Өзге ұлттың өкілі қазақтың қыздары мен қазы-қартасы туралы түсірген видеоларына шүйлігіп, жағымсыз пікір қалдыратындардың да көп екенін жеткізді. Алайда оларға аса қатты мән бермеймін дейді. Әркім өзінің көзқарасымен қарайды деген азамат жағымды пікірлерді көргенде рахметімді айтып ары қарай да түсіре бергім келеді деп отыр.

"Мен жағымды пікірлерді көрген кезде алғысымды айтып, алғысымды жаудырамын. Ал жағымсыздар тіпті жекеме шығып жатады. Бірақ мен олардың барлығына аса қатта назар аудармаймын. Әрбір жағымды пікірді естіген сайын құлшынысым арта түседі", - деді тиктокер Аджибола Аканни.

Аджибола өзінің тағы бір әлеуметтік желісіне Найман деген лақап атпен тіркеліпті. Оның себебін былай деп түсіндірді.

"Отырыста достарымның бірі мені найман деп қалжыңдады. Алғашында түсінбедім. Кейін ел арасында жүрген қағытпа әңгімелерді айтты. Қазақтың қабырғалы руы екенін білгесін осы ат өзіме ұнап қалды", - деді тиктокер.

Аджибола отбасында екі ағайынды екен. Нигерияда 200 миллионға жуық адам тұрады деген ол қонақжайлылық жағынан қазақтардан қалыспайды дейді. Осындағы үш жылдың ішінде елорда, Шымкент, Атырау, Талдықорған, Таразда болыпты. Алайда өзіме ең ыстығы әрине Алматы деп ағынан жарылды.

Аджибола бұл күнде қазақ тілін үйреніп жүргенін айтады. Қазірдің өзінде көптеген сөздерді білем деген ол халық арасындағы көп айтылатын сөздерді бірінші жаттап алғанын жеткізді.

"Мен сабақ бергендіктен шәкірттеріме әрқашан "сәлеметсіз бе?", "жақсы", "қалайсың" деген сөздерді жиі айтамын. Сонымен қатар өзге де орындарда қолдануға тырысамын. Әзірге курсына барған жоқпын. Құлағыммен естігендерді жаттап аламын", - деді ол.

Аджибола қазір Қазақстаннан кеткісі келмейтінін жеткізді. Тіпті, қолайлы болғаны сонша Украинада тұратын досын да осында шақырып, қазір екеуі бір үйде тұрып жатыр екен. Мұнда өмір сүру ыңғайлы деген азамат әлеуметтік желіде танымалдығын арттыру үшін өзге де қолданушылармен бірге жұмыс жасауда екен.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр