"Адамдар кінәлі емес": Маңғыстауда қырылып қалған қоқиқаздарға қатысты экологтар айтып берді
Маңғыстаулық мал дәрігерлері өлген қоқиқаздарға сараптама жүргізу мүмкін емес деген қорытындыға келді. Алайда, мәйіттерді тексеру кезінде оқ жарақаттар байқалмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Өлген қоқиқаз өлекселерінің бейнежазбалары әлеуметтік желілерде тарап кетті. Жануарларды қорғаушылар 5 құстың бірден бір жерде өлуі кездейсоқ болуы мүмкін емес деген болжам айтты. Біраз уақыт бұрын маңғыстаулықтардың қорғансыз итбалықты таспен ұрғаны туралы белгілі болған еді. Желідегілер де қоқиқаздардың өліміне адамдарды кінәлады.
"Бейнеу аудандық ІІБ, ветеринарлық қызмет, Сам орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері құстардың өлген жеріне барып, құстардың өлекселерін тексерген. Олар шамамен 15-20 күн бұрын өлгендіктен, өлекселерден сынама алу мүмкін емес, олар тым ыдырап кеткен. Оқ жарақатының ізі табылмады", - деді Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторы Талғат Әленов.
Ветеринарлардың айтуынша, құстардың қырылуына ауа райының қолайсыздығы, дәлірек айтсақ, шаңды дауыл себеп болған. Олардың пайымдауынша, солтүстікке ұшып бара жатқан отардан шыққан қоқиқаздар жолдың ортасында демалуға тоқтаған. Судың жетіспеушілігі мен желді ауа-райы олардың өліміне себеп болған.
Еске салайық, Маңғыстау қоқиқаздарының өліміне ҚР экология министрі Серікқали Брекешев те түсініктеме берген болатын.