Абай облысындағы өрт: Жағдай тұрақталды
Абай облысындағы орман өртіне қатысты соңғы мәлімет жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Абай облысы Семей резерватындағы орман өрті бойынша қазір жағдай тұрақты. Таң атқалы өртті барлау жұмысы жүріп жатыр. Қазір тілсіз жаумен күреске 8 тікұшақ жұмылдырылып, өрт сөндіріліп жатыр", - дейді Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов.
Оның айтуынша, жұмыс барысына күннің ыстығы, жел кедергі келтіріп, орманның ішкі жағына кіруде қиындық бар.
"Өрт сөндіру жұмысына барлық құзырлы мекемелер тартылды. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылығы мамандары, Қорғаныс министрлігінің жеке құрамы, тағы басқалар бар", - дейді өртке қарсы қызмет комитетінің басшысы.
Сондай-ақ төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің өкіміне сәйкес бүгін таңғы сағат 4-те өрт орнына Қарағанды мен Алматы облыстарынан ҚР ТЖМ 52859 және 28237 әскери бөлімдерінің әскери қызметкерлері жіберілді. Қазіргі уақытта Абай облысында 3 учаскеде: Поднебесное, Успенка ауылдарында, Каштак орманшылығында өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар, өрт орнына қосымша арнайы байланыс құралдарымен жарақтандырылған жылжымалы басқару пункті жіберілді. Басқару органы ол жерден де төтенше жағдай аймағында өз функцияларын жүзеге асырады.