4 жасар Жомарт алып асықты елбасыға апарып бермек
Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданының тұрғыны Болат Тағабай халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне алып асық тарту етті.
Туынды үшін 50 мың асық қолданған шебер осы арқылы «Асығың алшысынан түссін» деген тілегін арнап отыр. Көпшілікті тәнті еткен алып асық бұл. Оны қалап шығуға 50 мың асық жұмсалған. Автордың ерекше туындысын тамашалаушылар саны күн санап артып келеді.
Қанат Қалиханов та бес жасар қызы Асылымға ұлттық ойынның тағылымын түсіндіруге келіпті.
“Осы асыққа бүгін баламмен, жанұямызбен көруге келіп отырмыз. Болашаққа ұрпаққа тәрбиелік мәні зор. «Асығың алшысынан шықсын» деп қазақ атам айтады” – дейді Көктүбек ауылының тұрғыны Қанат Қалиханов.
Алып асықтың авторы – тарбағатайлық Болат Тағабай. Есімі әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына енген коллекционер халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне арнайы тарту жасағысы келеді. Ол бұл жұмысқа 6 айын арнапты. Алып асықтың ұзындығы 4, ал биіктігі 3 метрге дейін жетеді.
“Асықтың маңызы зор. Қазақтар бір-біріне тілеу тілегенде «Асығың алшысынан түссін» дейміз. Сондықтан алшысынан түсіп тұрған асық қойдық, еліміздің әлемге танылып жатқаны, бүкіл қазақтың асығы алшысынан түссін деген мағынада жасалған жұмыс” – дейді шебер Болат Тағабай.
16 жылдан бері асық жинауды ермек еткен шебер 4 жастағы ұлы Жомартты да ата дәстүрін ұлықтауға баулып келеді.
“Біз әкем екеуміз үлкен асық жасадық. Енді оны Назарбаев атама апарамыз” – дейді шебердің ұлы төрт жасар Жомарт.
Болат Тағабай ұлттық құндылықтарымызды насихаттауды азаматтық парызы санайды.