Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық экономикада салық салудың ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз ету бағытындағы белсенді жұмысын жалғастырып келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, 2022 жылдан бері Қазақстанда цифрлық қызметтерге салынатын салық – “Google салығы” қолданылып келеді. Осы уақыттан бері 120 шетелдік компания тіркелген, оның ішінде 2025 жылы – 22 компания. Бюджетке түскен түсімдердің жалпы көлемі 136 миллиард теңге. Оның 57,6 миллиард теңгесі 2025 жылы түскен, 2026 жылдың қаңтарында 8,7 миллиард теңті.
Салық кодексіне сәйкес, екінші деңгейлі банктер мен төлем ұйымдары шартты тіркеуден өткен шетелдік компаниялар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына ұсынады. Бұл деректер Қазақстан аумағында жеке тұлғаларға электронды сауда арқылы тауар сату және электрон форматта қызмет көрсету кезінде салық міндеттемелерінің толық әрі уақтылы орындалуын талдау үшін қолданылады.
МКК банктер мен төлем ұйымдарының ақпаратын шетелдік компаниялар төлеген қосылған құн салығы (ҚҚС) сомаларымен салыстырып, камералдық бақылау жүргізетінін атап өтті. Егер салықты төлемеу немесе толық төлемеу фактілері анықталса, сәйкессіздіктер бойынша хабарламалар қалыптастырылады.
Сонымен қатар Салық кодексінің 89-бабына сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап камералдық бақылау нәтижесінде берілген хабарламаларды, сондай-ақ ҚҚС төлеуші ретінде тіркеуге қою туралы хабарламаларды орындамаған шетелдік маркетплейстердің интернет-ресурстарын бұғаттау туралы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін нормалар енгізілген.
Ведомство бұл шаралар отандық және шетелдік нарық қатысушылары үшін тең бәсекелестік жағдай қалыптастыруға, цифрлық ортадағы салық тәртібін күшейтуге және құжаттық тексерусіз-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға бағытталғанын мәлімдеді.
