Қазақстанда әуесқой аңшыларға киік атуға рұқсат берілмек
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киік атуға әуесқой аңшыларға рұқсат беру бойынша жалпы ереже дайындалып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ОКҚ
Министрдің сөзінше, өзгеріс келесі жылы жаңадан жалпы ереже қабылданғаннан кейін енгізіледі.
"Жыл басында әуесқой аңшылар киік атуға рұқсат беруді сұрады. Бірақ біз бұған дейін рұқсат бермей келдік. Киік санын реттеу үшін тек "Охотзоопромға" ғана оларды атуға болатын еді. Аңшылық ұжымдардан келген ұсыныстарды топтап, талдай келе киік ату бойынша жалпы ережені әзірлеп жатырмыз. Келесі жылдан бастап әуесқой аңшыларға да киік атуға рұқсат беру бойынша өзгеріс енгізуге әзірленіп жатырмыз. Оны ашық айту керек", – деді министр.
Айта кетейік, 2022 жылы экология министрі Серікқали Брекешев ақбөкендер фермерлердің егінін таптап жатыр деп мәлімдеген еді. Содан кейін ведомство "жануарлар санын реттеу шеңберінде" 80 мың ақбөкенді ату туралы шешім қабылдаған.
Бұл шешім қоғамның біршама сыны мен наразылығын туғызды. Бұған қарамастан, министрлік киік атуды заңдастырды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығына сәйкес, ақбөкендерден басқа, саны реттелетін жануарлар тізіміне қасқырлар, шибөрілер, қарғалар, үлкен корморанттар, жыланбас балықтар енді. Тізімдегі жануарлардың саны халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа үй жануарларының ауруынан қорғау, қоршаған ортаға зиян келтірмеу мақсатында реттелмек.
Қазақстанда 2024 жылы тағы 300 мың киік ату ұсынылып отыр.
Айта кетейік, Қазақстанда алдағы уақытта киіктерді қолға үйретіп, етін консервілеу жоспарланып отыр.