Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"2,5 миллион теңге қарыз": Алматыда мемлекеттік мекемелерді салған жұмысшылар төрт ай бойы жалақы алмаған

Алматыда ірі компания мемлекеттік мекемені салған құрылысшылардың жалақыларын бермеген. Айлап еңбекақы көрмегендер бүгін жұмыс берушінің кеңсесінде жиналды. Компаниямен жұмыс істеген қосалқы мердігерлер де миллиондаған ақшасын ала алмай жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан скриншот жасалған

Мәліметтерге сенсек, Алматыдағы амбулатория сәуір айында пайдалануға берілуге тиіс еді. Алайда құрылыс уақытында бітпеген. Тіпті мұндағы жұмыс қазір толығымен тоқтап тұр. Жауапты компания құрылысты кешіктіргенімен қоймай, жұмысшыларының да айлығын дер кезінде төлемей жатыр.

Құрылысшылар түрлі мемлекеттік мекемелердің бой көтеруіне жұмыс істеген. Ауыр жұмысты атқарғандар төрт айдан бері жалақыны ұмытқан. Соның кесірінен қарызға батып, бүгіннен бастап жұмысқа шығудан бас тартты. 

"Маған 2 жарым миллиондай қарыз. Демалысқа шыққанбыз. Оны да бермеді. Ол кісілерге айтар сөзіміз таусылды", – деді құрылысшылардың бірі Мақсат Байбосын.

Ал жұмысшылардың бірі Гүлсара Мұзапарова зейнетақы қорына аударылмағанын айтты.

"Қарызға баттық. Кредит та бермейді. Өйткені зейнетақы қорына аудармаған. Қазан айынан бастап зейнетақы қорына төленбей жатыр", – деді Гүлсара Мұзапарова.

Тек құрылысшылар емес, осы компаниямен серіктес болған қосалқы мердігерлер де істелген жұмыстың ақшасын ала алмай жүр. Құрылыс компаниясы олардың біріне 3 миллион, енді біріне 15 миллион теңге қарыз екен. Айтуларынша, компанияның иесіне күнде хабарласады.



Жұрттың еңбегін жеген компания қалада 60-тан аса мемлекеттік мекеменің құрылысын мойнына алған. Соның қатарында медициналық нысандар, мектептер, коммуналдық жүйелер де бар. Бас кеңседегілер бүгін тілшілермен тілдесуден бас тартты. Ал жағдайды телефон арқылы түсіндірген мәслихат депутаты әрі осы компанияның негізін қалаушы Ералы Сауранбаев жуырда мұнда жаңа инвестор келгенін мәлімдеді.

"Бізде шоттар жабық болған. Қазір енді ғана ашылып жатыр. Жаңа шоттарды ашып, ақшаны қабылдап, одан кейін жаңа инвестор, директор бүкіл айлықты төлеуге мүмкіндік болады", – деп түсіндірді Ералы Сауранбаев. 

Осылайша компанияның қожайыны жалақы айдың соңына дейін төленеді деп тағы сендірді. Ал жұмысшылар еңбекақыны толық көлемде алмайынша, құрылыс алаңына шықпаймыз деп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Qazaq Stroy жұмысшылары еңбекақысын бірнеше айдан бері ала алмай жатқанын айтып, шағымданғанын жаздық. Тәжікстандық Хусейн Якубов Алматыдағы құрылыс жүріп жатқан Абай-Түркебаев қиылысындағы Crystal кешенінде жұмыс істейтінін айтты. Алайда ол 5 айдан бері айлығын ала алмай жүр. Ер адамның айтуынша, олардың бригадирлері құр уәде беріп, техникалық жабдықтарды сатып алуға қаражат жетпейтінін айтып, сылтауратқан.

Талқылау