Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2 мыңға жуық SIM-карта тәркіленді: Қарағандыда халықаралық алаяқтық жасады деген күдікпен Ресей азаматы ұсталды

Қарағандыда SIM-box құрылғылары мен SIM карталарын алаяқтық үшін пайдаланды деген Ресей азаматы ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Облыстық полиция департаментінің киберполиция қызметкерлері Ішкі істер министрлігі өкілдерімен бірлесіп жүргізген жедел іс-шаралар барысында 20 жастағы Ресей азаматын ұстады. Операция облыс прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілді. Жас жігіт Қарағандыдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталды.

Одан 128 ұясы бар sim-box құрылғысы, екі Wi-Fi маршрутизаторы, сигнал күшейткіші және Altel/Tele2 және Activ операторларының 1857 SIM-картасы тәркіленді.



"Қазіргі уақытта ІТ мамандарды тартып, қоңыраулардың бастамашылары мен түпкілікті қабылдаушыларын анықтау үшін трафикті онлайн зерттеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала деректер SIM-box-та пайдаланылған нөмірлер арқылы Қазақстан аумағында, Ресей мен Еуропа елдеріне телефон соғылғанын көрсетеді", – делінген хабарламада. 

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

"Ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын өзгертуге немесе ұялы байланыс абонентінің жеке куәлігінің телнұсқасын жасауға мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз жасау, пайдалану, тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің барлық мән-жайы мен ықтимал сыбайластары анықталып жатыр”, – делінген хабарламада. 

Полиция мәліметінше, күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда бизнес орталықтардың бірінде интернет алаяқтарға арналған байланыс орталығы жұмыс істегені туралы хабарлаған едік. 

Талқылау