Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1,6 млн қазақ – ҚХР азаматы: Сыртқы істер министрлігі Қытайда тұратын қандастардың жай-күйі туралы айтты

ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Қазақстан не себепті Қытайдағы қандастардың жағдайына араласа алмайтынын жеткізді. Вице-министр екі ел арасындағы саяси және экономикалық ықпалдастықтың маңыздылығын тілге тиек ете отырып, Қазақстан билігі этникалық қазақтардың мәселесіне келгенде қауқарсыз екенін ашып айтты. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарының мақаласы "Егемен Қазақстан" басылымының сайтында жарияланды. 

Шахрат Нұрышев

Вице-министрдің айтуынша, соңғы жылдары Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданындағы ахуалға қатысты түрлі ақпараттың таралуына байланысты Қытайда тұра­тын қандастардың жағдайы өзекті мәселеге айналған. 

"Ресми деректерге сүйенетін болсақ, ҚХР аумағында 1,6 млн қазақ тұрады. Олардың барлығы – Қытай Халық Рес­публикасының азаматтары. Арасында түрлі заң бұзушылық үшін сот шешімімен түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айы­рылған кісілер де бар.

Біріккен Ұлт­тар Ұйымының жарғысы бойынша ешбір елдің басқа мемлекеттің ішкі істеріне қол сұғуға құқығы жоқ. Сон­­дықтан да біз ҚХР азаматтары – қан­дас­­тары­­мызға қатысты олардың Қазақ­стан аза­мат­тары болып табылатын туы­стары­­нан өтініш түскен кезде Қытай тара­­­пы­на бөлініп қалған отбасылардың бірігуі­не қолғабыс көрсету туралы сауал жібереміз", - деді ол.

Бұған қоса, министр орынбасары шетелдегі қандастарға көмектесуді талап еткенде кейбір азаматтар Қазақ­станда тұрып жатқан жүзден аса басқа ұлт өкілдерінің бар екенін естен шығарып алатынын айтады. 

"Қазақстанда тұратын ұлттардың өз тарихи отаны бар. Ертең басқа ұлт өкілі болып табылатын Қазақстан азаматына қатысты басқа мемлекет тарапынан оның құқықтарын қорғау жөнінде талап түсіп отырса, біздің реакциямыз қандай болмақ? Әрине, біз оның Қазақстан азаматы болғандықтан, шет мемлекеттен біздің мемлекеттің ішкі істеріне аралас­пауын талап етеміз", - дейді Шахрат Нұрышев.



Сөзінше, мемлекет қандастардың барлығын  Қазақстанға жаппай көшіруді мақсат етіп қойып отырған жоқ.

"Қытайдағы қандастарымыздың арасында Қазақстанға қоныс аудару мүмкін­дігін қарастыратындары да, қарастыр­майтындары да бар. Кіндік қаны тамған, ата-бабалары ғасырлар бойы тұрған мекеннен басқа жаққа неге көшу керек деген сұрақ та қояды. Көшуді қалайтын, заңды тұрғыдан рұқсаттары бар кісілерге Қазақстанның шетелдегі мекемелері тарапынан тиісті қолғабыс көрсетіледі. Мысалы, 2018-2020 жылдары Қытайдағы консулдық мекемелерде 60 мыңға жуық қандасымызға виза ресімделді. Кейбір қандастар біздің елге келген соң Қазақстан азаматтығын қабылдаған. Бірақ арасында бір бөлігі ҚХР азаматтығынан шығу рәсімдерін орын­дамағандықтан, Қытайға кері қайт­қан кезде түрлі қиыншылыққа тап болған", - дейді шенеунік.

Сондай-ақ, вице-министр  2018-2019 жылдары 7 мың қандас Қазақстанда жүріп, Қытай­дың Нұр-Сұлтандағы елшілігі және Ал­матыдағы Бас консулдығы ар­қылы ҚХР азаматтығынан шығу рәсім­­дерін бітіруге мүмкіншілік алғанын атап өтті. Десек те қазіргі күні бұл жұмыс пандемияға байла­нысты уақытша тоқтап қалған.

"Бірақ жағ­дай түзелген соң бұл бағыттағы жұ­­мыс жалғастырылатын болады. Сон­дық­тан да Қазақстанға көшуді қалайтын қан­дас­­тарға айтылатын өтініш – Қытай­дан кетпей тұрып, ресми түрде ҚХР аза­мат­­ты­ғынан шығу қажет. Сол кезде азамат­тыққа кіру, зейнетақы алу және шекара­дан өтуге қатысты мәселелер туындамайды", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қытай лагерлеріндегі қазақтардың мәселесіне сыртқы істер министрлігі араласа алмайтынын айтқан болатын. 

Талқылау