12 миллиондық букет: Қызыл кітапқа енген гүлді жұлған түркістандық әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды (видео)
Түркістан облысы Ордабасы ауданында қызыл кітапқа енген қызғалдақтан гүл шоғын жинап жүрген әйел көзге түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлып жүрген әйелдің видеосы жексенбі күні жарияланды. Түркістан облысының полициясы құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.
“Түркістан облысында полиция қызметкерлері Ордабасы ауданы Ұялыжар ауылдық округіндегі алқапта Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлған Шымкент қаласының тұрғынын анықтады. Аталған жайт бойынша қылмыстық кодекстің 339-бабы (Өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерін жою) бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.
Айта кетейік, Қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлғандарға белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 3000 АЕК (11 796 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.
Болған істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізілмек. Соның нәтижесі бойынша заңды шешім қабылданады.
Полиция табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуын анықтау үшін рейдтер мен әлеуметтік желілерге мониторинг жасалып жатыр. Сондай-ақ алқаптарға ескерту тақтайшалары орнатылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тәртіп сақшылары Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлғаны үшін заңға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.