Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ән айтса 10 мың долларды санап алатын еді": Шоу-бизнес өкілдері тасқыннан зардап шеккендерге неге 100 мың теңге ғана аударғанын түсіндірді

Жәнібек Иманмәзір есімді Facebook қолданушысы су тасқыны кезінде 100 мың теңгеден жинаған өнер иелерін сынап, миллиондаған гонорар алатын жұлдыздарды тойға шақырғанда 100 мың теңге ғана беру керек деген ұсыныс айтты. Осы орайда Stan.kz тілшісі кейбір өнер иелеріне хабарласып, пікір сұрады. 

Фото: Өнер иелерінің жеке парақшасынан алынды

Желі қолданушысы Facebook парақшасында әншілердің ақылдасу чатын жариялаған. Ол той-концерттен 10 миллион теңгеге дейін гонорар алып жүрген эстрада жұлдыздары қиын кезде 100 мың теңге аударғаны күлкілі көрінгенін жазған. 

Осы тұста Қарақат Әбілдина өзінің не себепті “100 мың теңге” аударғанын түсіндіруге тырысты. Айтуынша, сол күні шетелден келіп жатып, ештеңе ойлап үлгермей, әріптестеріне қарап ақша аударғанын айтады. 

“Ораза айттың соңғы күнінде “Құлсарыға көмек” деген чат ашылды. Сол күні шетелден келіп жатыр едік. Қасиетті айда қайырымдылық жасап, үлгеріп қалайық деген ой ғана болды. Не үшін 100 мың теңге деген сұраққа жауап бере алмаймын. Өйткені ақылдасқан адамдардың арасында болған жоқпын. Мені ортақ топқа қосып, Құлсарыға көмек беру керек дегесін, әріптестерім 100 мың теңгеден аударып жатыр екен, мен де артық сұрақ қоймастан аудардым. Ондай сумманың бекітілген немесе бекітілмегенін Роза Әлқожа, Гүлзира Айдарбековалардан сұрау керек. Басқа да адамдар 20 мың, 50 мыңнан аударып жатты. Олардың кім екенін білмеймін, себебі ол жақта өте көп өнер адамдары қосылған. Бірақ Қыдыкең тағы да 1 миллион теңге қайырымдылық қорына аударды. Өнер жұлдыздарынан бөлектенбейік деп, жеке картамнан 100 мың теңге аудардым”, – деп жауап берді Қарақат Әбілдина. 

Сонымен қатар Абай Бегейдің айтуынша, таныстары WhatsApp желісінде 4-5 топқа тіркеп қойып, қаржылай көмек беруін өтінген. Алайда әншілер жиналған топта нақты 100 мың теңге аудару керек екені айтылған.

“Батысқа көмек беріңіз деп хабарласатындар көп. Қолын қайтармай бәріне аударып жатырмын. 4-5 топқа тіркеп қойыпты, 200 мыңнан аудардым. Жеке қайырымдылық қорына бала-шағамның атынан 1 миллион теңге аудардым. Қайрат Нұртастың мамасы мен Роза Әлқожа әншілердің басын қосып, “100 мың теңгеден аудару керек” деп жазды. Сол бойда аударып жібердім. Басқа әншілердің қанша бергенін білмеймін. Өзіме ғана жауап беремін. Әлеуметтік желіде өнер жұлдыздарын балағаттап, түрлі жағымсыз пікір жаудырып жатыр екен. Қатты қарным ашты. Әркім көрпесіне қарай көсіліп, көмек беріп жатыр. Мысалы, мен қалалық әкімдікке қарасты  “Алматы әуендерінде” жұмыс істеймін. Қарттар үйі мен балалар үйіне айына 3-4 рет концерт береміз”, – дейді ол. 

Сондай-ақ әнші айлығының 75 мың теңге ғана екенін айтты. Сөзінше, өнер иелерінің 80%-ы жұмыс істемейді. Тек шығармашылықпен айналысып, той мен концерттерге шығады екен.

“Мысалы, “Жігіттер” тобының әншісі Ердос Қанаев 20 мың берді. Ғаділбек Жанай 50 мың берді. Бала-шағасының несібесінен жырып, халықтан көмегін аямай жатыр. Осыларды не деп сөгесің?! Оның үстіне Рамазан айы болғасын, той мен концерттің науқаны емес. “Димаш 1 миллион доллар берді, Қайрат пен Төреғали қайда?” деп халық шулап жатыр. Ондай сумма Димашта болуы мүмкін Қайрат пен Төреғалида жоқ. Екеуінен 10 миллион шығуы мүмкін, бірақ миллион доллар шықпайды. Көрдіңіз бе, әркімнің табысы әртүрлі. Әншілер қолдан келгенше көмек беріп жатыр. Соны көбірек насихаттайық!”, – деді Абай Бегей.  

  “Димаштың қолынан миллион долларды санап алғандай сөйлейді”

Желі қолданушылары той мен концерттен 10 миллиондап табыс табатын өнер жұлдыздарының аз сома бергендеріне ренжіп қалған. Алайда әнші Шаһизада халыққа ренішін айтып, өнер иелерінің қалтасына қол сұқпауға шақырды. 

"Менің ешкімде шаруам жоқ, сіздердің де бізде шаруаларыңыз болмасын. Осылай өсекшілерге айтқым келеді. Өнер адамдарынан 500-іміз жиналдық та, бір чат аштық. Сол жерде 2 миллион, 1 миллион, одан кейін 100 мың теңге бергендері бар. Өсекшілер қанша ақша жиналғанын сіздер қайдан білесіздер. Ана жақтағы өсекті тыңдап, мына жақтағы өсекті тыңдап, біздің күнәларымызды мойындарыңызға алып жатсыздар. Димаш миллион доллар берді, сендер 100 мың теңгемен шектелдіңдер дегенді қойыңдар. Сол Димаштың қолынан миллион долларды санағандай сөйлеп отырсыңдар. Мүмкін одан да көп берген болар. Осыған күлкім келіп отыр. Ешкімді салыстырмаңыздар. Құдай емессіздер", – деп ашуланды Шаһизада. 

  “100 мыңды шуға айналдырып, шоу жасамақ”

Істің басы-қасында жүрген Саят Медеуовтің айтуынша, 100 мың теңге бірауыздан келісілген қаржылай көмек көрінеді. Алайда әріптестері ол сомадан көп аударғандықтан, өнер иесі ренжіп қалғанын жасырмады.             

Өнер иесінің сөзіне сенсек, чатта 400-ден аса республикадағы өнер жұлдыздары тіркелген. Кімнің қанша бергенін әнші зерттеп көрмеген көрінеді. 

“Ортақ тобымызда 100 мың теңге бекітіліп, бірауыздан мақұлданған сома еді. Өйткені ол жерде жағдайы жақсы да, орташа да да әріптестеріміз бар. Тіпті, облыстағы әншілер де қосылды. Бәрі бірдей қалталы, елге танымал емес. Бәріміз ешкімнің қалтасына салмақ болмайтын, ортақ ақша шығарайық деп ақылдастық. 100 мың теңге біреуге көп болғанымен, екіншісіне тиын-тебен болуы мүмкін. Сол үшін осы сомаға тоқтадық. Бірақ мен әріптестеріме ренжіп қалдым. Өйткені бәріміз 100 мың теңгеден ғана аударуымыз керек еді. Ол жерге біреуі 1 миллион теңге, енді бірі 500 мың теңге аударды. Қасыңдағы адам миллион теңге бергенде сен 100 мың теңге бергеніңе намыстанасың ғой?! Бірауыздан келісілгеннен кейін 100 мың теңге ғана беріп, қалғанын басқа қорларға аудару керек еді. Халықтың да наразы болып жатқаны сол үшін. Бәрі 100 мың теңгеден аударғанда мұндай көп сөз болмайтын еді. Көп ақша бергендер мен аз ақша бергендерді халық бөліп алып жатыр. Бұл дұрыс болмады. Бірақ мен ештеңеге өкінбеймін. Намыстанбаймын да. Елімнің басына күн туғанда қарап қалмай, бір кісідей ат салысқаным рас. Ал бізді кінәлап жатқандарға айтарым, өздері 100 теңге де бермеген шығар?! 100 мыңды шуға айналдырып, шоу мен хайп жасамақ”, – деді Саят Медеуов. 

  “Олардың мақсаттары – әншілерді күлкі ету”

Осы қайырымдылық іске мұрындық болып, шоу-бизнес өкілдерінің басын біріктіріп жүрген Гүлзира Айдарбекова да даулы мәселеге қатысты пікір білдірді. Дәл қазір продюсер су тасқынынан зардап шеккен Атырау өңірінде жүрсе де, халықтың сонша шулағанына қапалы екенін жасырмады. Продюсердің айтуынша, бір реттік көмек қана емес, әріқарай да қаражат жинайтынын әріптестерге ескерткен.

“Бір адамда бар, бір адамда жоқ екенін ескере отырып, алғашқы ақшаны 100 мыңнан бастадық. Бірақ чат жабылмайды, ары қарай тағы да жинаймыз деп ескерттік барлығына. Арамызда жеке-жеке беріп тастағандары да бар. Осылай көпшілікке қосыламыз деп ниеттенгендер де болды. Өнер адамдарының атынан тағы да бір команда болып бөлінбей, ендігі артымыздан еріп келе жатқан жастарға сабақ болсын, біздің ауызбіршілігімізді көрсін деген ойымыз еді. Бірақ арамыздан мазақ іздеп арандатушылар қара ниеттерін танытып, таратып жіберді. Әншілерді күлкі ету – мақсаттары. Ары қарай жалғастырып, тағы да азғырушылар тобы үдетіп, елді кері пікірге бұрып, шулатып үлгерді. Қаншама ойымызды іске асырмас бұрын бүкіл ынта-жігерімізді қашыру міндеттелгендей көрінді”, – деді продюсер. 

Ел аузында өнер иелерімен бірге Димаш Құдайбергеннің де аты аталып жатыр. Тіпті халық 100 мың теңге аударған әншілермен Димашты салыстырып та үлгерген. 

“Димаш миллион доллар берді дейді. Енді сол ақшаның халыққа жететініне алаңдап шу шығарса болады. Бізді 100 мың берді деп айғайлап жатырсыздар ғой. “Үкімет, ақшаның халыққа жетуін қадағалаңдар!” деп енді байбалам салса болады”, – деді актер Қайрат Әділгерей. 

Еске салайық, өнер иелері су тасқынынан зардап шеккендерге 25 миллион теңге жинап берді. 

Талқылау