Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"100-ге жуық қонақты танымадық": Тоқтар мен Бейбіт үйлену тойларының қалай өткенін айтып берді

Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева отау құрған кездерін еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ХабарLike бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/toktar_beibit/

2007 жылы сәуір айында қос әнші отау тіккен.

“Биыл шаңырақ көтергенімізге 17 жыл толады. 20 сәуірде тойымыз өтті. Үйленгенімізге 8 жыл толғанда дәл сол күні егізіміз дүниеге келді. Әр жыл сайын Бейбітке үйленген күнімізді еске алып, торт пен гүл сыйлаймын. Бізді қосқан – халық. 7 жыл қыз бен жігіт болып жүріп, отау тіктік. Асығыс-үсігіс албырт сезіммен шаңырақ көтерген жоқпыз. Бір қызығы біздің тойымызға өзіміз танымайтын кісілер де келген. 550 адамға дастархан жайдық. Соның өзінде сыймай қалды. Сөйтсек, біздің әулетімізге қатысы жоқ үлкен ата-әжелер де келіп алыпты. Біздің жақ Бейбіттің туысқандары деп ойлаған, Бейбіттің төркіні жаңа құдаларымыз деп ойлаған. 600-ден аса қонақ күттік. 100-ге жуық қонақты танымадық. Кейін видеодан көріп отырып, байқадық. Бірінен соң бірі естіп, мейрамхананың мекенжайын біліп, келе берген”, – дейді Тоқтар Серіков. 



Сонымен қатар өнер иесі болашақ жарына сезімін қалай жеткізгенін де айтып берді. 

“Мен алғаш танысқанда Бейбіт қазақшаға шорқақтау болды. Келбетіне қарасаң, қаланың қызына ұқсамайды. Әже-ата көрген, ананың мейірімі сіңген, әкенің ақылын арқалаған қыз боп көрінді. Сөйлесе келе басқа тілде сөйлейтінін білдім. Содан өз тіліммен бірнәрсе жеткізгендей болдым. Менің орысшам өзі қысқа. Қатты қиналған жоқпын. Екеуіміз түсінісіп кеттік. Көзден түсінеді ғой. “Сүйем” деген сөзді қазақша жеткіздім. Аллаға шүкір, бүгінде төрт құлыншағымыз бар. Солар үшін өмір сүріп жатырмыз”, – деп ағынан жарылды әнші. 

Еске салайық, Тоқтар Серіков алғаш өнер жолын беташардан бастағанын жазып едік.  

Талқылау