"1 миллион доллар": Баян Алагөзова қарызға батқан кезін еске алды
Танымал продюсер, актриса Баян Мақсатқызы жобалары үшін қарызға батқан кезін еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Syrlasu Youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Продюсер қызы Айсәуле Бақытбекке бүкпесіз жан сырын ақтарды.
“Осыдан 10 жыл бұрын, 2-3 жобам сәтсіздікке ұшырап, қарызға баттым. Миллион доллар қарызым болды. Ол ақшаны ұрлап алған жоқпын. Істеген жұмысымның нәтижесі табыс әкелмеді. Сол кезде де мен өмірден баз кешіп, түңілген емеспін. Кез-келген дүниеге жеңіл қараймын. Қайғының түбіне де кетіп қалмадым. Ешкім мені келіп миллион доллар қарыздан шығармайды. Ол туралы сендер де білмейтін шығарсыңдар?!. Білген күннің өзінде сенде менің қарызымды жабатындай миллион доллар жоқ. Онда неге сендерді уайымға батыруым керек?!. Өзімнің де көңіл-күйім түспеді. Қол-аяғым мен басым бар, денім сау. Жұмыс істеуге қабілетті болып тұрғанда неге қайғырып жатуым керек деген ой болды. Сол ой мені қарыздан алып шықты. Қаншама жобаларым сәтті болып, миллион әкелді. Өмірдің осындай қарызға кіретін кезеңі болады. Ол кезеңнен мен де өттім. Сол кезде миллион теңге болмады менде. Бірақ өзімді жеп, жек көріп кеткен жоқпын. Тып-тыныш ұйықтадым. Иә, қарызбын. Екі жылдан кейін тауып қайтардым. Егер өз-өзімді жеп, кінәласам, өзімнің психикама, денсаулығыма әсер етер еді. Саналы түрде бұдан өзіме жаман болатынын білдім", – дейді ол.
Еске салайық, продюсер әкесінің қазасынан кейін жарты жыл бойы түсініксіз күйде жүргенін жазған болатынбыз.