Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тапқан табысымнан дым қалмады": Кәсіпкер TikTok-та бренд сөмкенің көшірмесін сатамын деп айыппұл арқалаған

Кәсіпкер Әсем
Фото: Видеодан скриншот

Қазақстандық кәсіпкер Әсем TikTok арқылы бренд сөмкенің көшірмесін сатқаны үшін айыппұл төлегенін айтып, желі қолданушыларына ескерту жасады. Оның сөзінше, сөмке сатумен айналысатындар мұндай тауарды еркін алып-сата береміз деп ойлауы мүмкін. Алайда брендтің заңды өкілдері немесе уәкілетті органдар мұндай фактілерді анықтаса, сатушы жауапкершілікке тартылуы ықтимал. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әсем TikTok желісінде видео жариялап, өз басынан өткен жағдайды айтып берді. Ол бренд сөмкенің көшірмесін сатқаны үшін сот арқылы айыппұл төлегенін жеткізді.

“Достар, TikTok арқылы бренд сөмке сатып, енді сотқа айыппұл төлеп келе жатырмын. TikTok-та сөмке сататындар болса, бренд сөмке сатпаңыздар. Маған айыппұл салды. Ресми түрде төлеп келе жатырмын. Michael Kors брендіне 500 мың теңге төледім. Олар заңсыз сатты, көшірме тауар болды деп арыз жазған”, – дейді кәсіпкер.

Ол қазақстандық сатушыларға, әсіресе саудаға енді кірісіп жүрген қыз-келіншектерге мұндай тәуекелге бармауға кеңес берді. Айтуынша, өзі де барахолкадан сөмке сатып алып, үстіне аздап пайда қосып сатуды ғана ойлаған.

“Жаным, қазақтар, барахолкадан сөмке сатып алып, оны қайта сатып, бір тиынды екеу қыламын деп жүріп, мен сияқты айыппұл төлеп отырмаңыздар. Күйіп қалмаңыздар. Брендсіз сөмке сатыңыздар. TikTok-та сатуға болады екен деп көшірме тауар сата бермеңіздер. Ертең аяқтарыңызды аспаннан бір-ақ шығарады. Тапқан табысымнан ештеңе қалмады десем де болады”, – дейді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, мұндай істерде бренд өкілдері дүкенге немесе бутикке қарапайым клиент ретінде келіп, тауар сатып алады. Кейін чек пен басқа да дәлелдерді жинап, сотқа жүгінеді.

“Бәріміз барахолкадан еркін алып-сатамыз ғой. Бұлай болады деп ойламадым. Сөйтсем, олар бутикке клиент болып келіп, сөмке сатып алып, чегін алып, сотқа арыз жазады екен. Ал сен ол туралы білмейсің де. Сот шотыңды бұғаттайды, сосын амалсыз барып төлейсің”, – дейді Әсем.

Ол саудаға енді қадам басқандарға “артық қыламын деп, тыртық қылып алмаңыздар” деп ескертті.

Адвокат не дейді?

Адвокат Альбина Бахтиярқызының айтуынша, бренд тауарлардың көшірмесін сату заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Адвокаттың сөзінше, мұндай әрекет Қазақстанда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 158-бабына — бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану бабына жатады. Бұл бап бойынша айыппұл салынып, контрафакт тауар тәркіленуі мүмкін.

Заңнамаға сәйкес, жеке тұлғаларға – 20 АЕК, шағын бизнеске – 30 АЕК, орта бизнеске – 40 АЕК, ірі бизнес субъектілеріне – 80 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. 2026 жылғы есеппен бұл шамамен 78 640 теңгеден 314 560 теңгеге дейін. Кей жағдайда тауарлар тәркіленіп қана қоймай, жойылуы да мүмкін.

“Айыппұл салынады. Тек бәрін бірдей тексеріп жатқан жоқ. Құқық иесі, яғни бренд немесе уәкілетті органдар нақты дерекпен шыққанда ғана іс қозғалады. Кейде олар “көрмей отыр” деген сөз емес, ресурстар жетпейді немесе назар басқа жерде болады”, – дейді адвокат.

Сондай-ақ адвокат әлеуметтік желідегі жарияланым тексеруге себеп болуы мүмкін екенін айтты. Ал видеоның өзі дәлел жинауға негіз болады.

Кім арыз бере алады?

Адвокат тәжірибеде мұндай істер екі жолмен қозғалатынын түсіндірді. Біріншісі – брендтің өзі немесе оның ресми өкілі арыз береді. Тауар белгісінің иесі құқықбұзушылықты тіркеп, сараптама жасатып, шығын талап етуі ықтимал.

Екінші жол – мемлекеттік органдардың араласуы. Мұндай тексерістерге көбіне Әділет министрлігі немесе жергілікті әділет органдары қатысады. 

“Мемлекеттік органдар тексеріс барысында өздері анықтаса немесе арнайы тексеріспен шықса, іс қозғай алады. Ал жеке тұлғалар әдетте мұндай істер бойынша арызданбайды, себебі олар құқық иесі емес”, – дейді заңгер.

Сатушылар нені ескеруі керек?

Адвокаттың сөзінше, “бәрі сатып жатыр ғой” деп көшірме бренд тауар сатуға тәуекел ететіндер көп. Алайда бұл – қауіпті бизнес. Ерте ме, кеш пе, мұндай сауда тексеріске ілігуі мүмкін. Бұған қоса, көшірме бренд сататын бизнесті заңды түрде үлкейту де қиын.

Заңгер сатушыларға бренд атауын қолданбауға кеңес береді. Тіпті “көшірме”, “люкс реплика” деп жазудың өзі сатушыны жауапкершіліктен қорғамайды. Сондай-ақ қаптамада, логотипте заңсыз белгілерді пайдаланбау керек. Егер тауар расымен бренд болса, оны құжатсыз сатып алмау қажет.

“Егер тексеріс басталса, бірден адвокатпен жұмыс істеу керек. Ал ең дұрысы – no name тауар сату немесе өз өндірісіңізді дамыту”, – дейді адвокат.

Stan.kz
Сейсенбі, 19 Мамыр, 2026 10:00