Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетауда Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған ауқымды шахмат турнирі өтті

Көкшетаудағы шахмат

Көкшетаудағы "Бурабай" спорт мектебінде көрнекті ақын, дипломат және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған "Азия" ашық блиц-турнирі өтті. Қазақстан шахмат федерациясымен бірлесіп ұйымдастырылған зияткерлік додаға 50 шахматшы қатысты. Турнирде жергілікті ойыншылармен қатар Жақсы және Бурабай аудандарынан келген қатысушылар бақ сынады.

Атақты қаламгердің мерейтойын спорттық шарамен ұштастырудың өзіндік мәні бар. Олжас Сүлейменов елдегі шахмат спортының дамуына зор үлес қосып, Қазақстан шахмат федерациясының алғашқы президенті болған.

Турнир швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрды. Блиц форматындағы жарыстың ерекшелігі – уақыттың шектеулілігі. Әр партияға 5 минут және әр жүріске қосымша 3 секунд берілді. Мұндай формат қатысушылардан жоғары шапшаңдық пен дәл шешім қабылдауды талап етеді.

“Қазір Қазақстанда шахмат спорты қарқынды дамып келеді. Бұрын-соңды мұндай қызығушылық пен бұқаралық сипат болмаған. "Мектептегі шахмат" секілді жүйелі бағдарламалардың арқасында бұл спорт айтарлықтай жасарды. Балалар да жоғары деңгейде ойнап, аға буынмен тең дәрежеде бәсекеге түсіп жүр. Ал блиц – жылдамдық пен сапаны қатар талап ететін ерекше формат”, – деді жарыстың бас төрешісі Серікбай Темірбаев.
Көкшетаудағы шахмат 2

Көкшетаудағы турнир республикалық ауқымдағы бастаманың бір бөлігіне айналды. Олжас Сүлейменовтің мерейтойына арналған осындай шахмат жарыстары еліміздің барлық 20 өңірінде қатар ұйымдастырылды.

“Мұндай турнирлер балалар үшін үлкен тәжірибе әрі өздерін көрсетуге мүмкіндік береді. Біз тек шахматты насихаттап қана қоймай, өскелең ұрпаққа ел тарихындағы тұлғаларды танытуды да мақсат етеміз. Турнирге облыстың түкпір-түкпірінен қатысушыларды тарту және жүлде қорын ұйымдастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді”, – деді Қазақстан шахмат федерациясының Ақмола облыстық филиалының атқарушы директоры Серік Бегожин.
Көкшетаудағы шахмат 3

Жарыстың жүлде қоры мен марапаттары бірнеше номинация бойынша табысталды. Атап айтқанда, жалпы есептегі үздік үш орыннан бөлек, ардагерлер, әйелдер және жас шахматшылар арасында арнайы жүлделер берілді.

Турнирдің қарқынды әрі тартысты өтуі ақмолалық шахматшыларға жылдам ойлау қабілеттерін шыңдап қана қоймай, мол тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.

Stan.kz
Сейсенбі, 19 Мамыр, 2026 09:56