Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төрт баланың әкесі: Нұр-Сұлтанда ер адам кішкентай қызды құтқарған соң, жұмысына кеткен

Нұр-Сұлтанда сегізінші қабаттан құлаған үш жасар қызды құтқарған ер адам оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 36 жастағы Сәбит Шонтақбаев өз өмірін қауіпке тігіп, бүлдіршінді құтқарған еді. 

Ер адам Нұр-Сұлтанға Қызылордадан жұмыс істеу үшін келген. Өзінің үш қыз, бір ұлы бар. Елордада құрылыста қара жұмысшы болып істейді. 

"Балаларым Қызылордада тұрады, мен осында баспана жалдап, жұмыс істеймін", - деді Шонтақбаев. 

Ер адам жұмысына асығып бара жатып, сегізінші қабатта балконның ернеуіне ілініп тұрған бүлдіршінді байқаған. 



"Ілініп тұрған қызды көргенде оны құтқаруды ғана ойладым. Ол сәтте өзімді ойлайтындай болмадым", - деп түсіндірді ол. 

Ептілігі мен мықты физикалық дайындығын ер адам бұрынғы қызметімен байланыстырады. Бұрын Сәбит Шонтақбаев шекарашы болған, деп хабарлайды Tengrinews.kz

"Жұбайым видеоны көріп, "жарайсың" деді. Қыздың ата-анасын көрмедім. Жұмысқа қатты асығып тұр едім, оны құтқарған соң, жетінші қабаттағы көршілерге табыстадым. Сосын жұмысыма кетіп қалдым", - дейді ер адам. 

Бұған дейін Нұр-Сұлтанда ер адамның өз өмірін қатерге тігіп, 8-қабаттан құлаған қызды қағып алғанын хабарлаған едік.
  

Талқылау