Семей қаласының жас футболшысы "AQYL" депозитін ашқан 50 000-салымшы атанды
"Отбасы банк" АҚ Абай облыстық филиалы ұжымы "AQYL" білім беру депозитінің 50 000-салымшысын әдемі безендірілген ойын алаңқайында қарсы алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ахмет Құрмаш “AQYL” білім беру депазитінің 50 мыңыншы салымшысы
Сәбиі шыр етіп өмірге келгеннен бастап баланы оқытып, оған сапалы білім беру ата-ана үшін үлкен жауапкершілік. Осы орайда баласының болашағына алаңдап жүрген әр қазақстандыққа Отбасы банкіндегі AQYL білім беру жинақтау салымы көмекке келеді.
Елімізде бұл мүмкіндікті пайдаланып, балаларының болашақта жақсы жерде білім алуын көздеген отбасылар аз емес. Солардың бірі – Дина Серікова. Үш қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған Семей қаласының тұрғыны Отбасы банкінен әр баласына жеке-жеке депозит аштырған.
"Мен 2017 жылдан бастап Отбасы банк салымшысымын. Биыл өзіміздің таңдауымызды жасап Астана қаласынан пәтер сатып алдық. Осы кезде "AQYL" білім беру депозиті жайлы ақпаратпен танысып 3 балама бірдей аштым. Соның ішінде 9 жасар балам Ахмет 50 мыңыншы салымшы болып тіркелді. Бүгін міне “Отбасы банк” ұжымы арнайы шақырып, құттықтап, балаларыма көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Қуанып тұрмын. Алғыс білдіргім келеді. Бұл депозитті 18-ге толғанда өздерінің оқуына немесе үй алуға жұмсаса деген ниетіміз бар. Ай сайын мүмкіндігімізге қарай қолымызға түскен қаражаттан салып отыруға тырысамыз", - дейді Отбасы банкінің салымшысы Дина Серікова.
50 000 шы салымшының анасы Динара Серікова
Айтуынша, баласының болашағын ойлайтын әрбір ата-анаға AQYL депозиті салмақты инвестиция.
"Мен әр ата-анаға осындай кеңес беремін. Қазір күйбең тірлікпен ақшаны қолда жинап, ұстай алмайсың. Басқа да шығын көп. Ал баланың болашағы үшін, ертең оқыта алмай қалмаймын ба, болашақта баспанасыз қалып қалмай ма деп алаңдасақ, қазір мүмкіндік бар кезде осы депозитті ашу керек деп ойлаймын. Ертең балалар бірінен соң бірі өсіп, оқуға кетемін десе, оның бәріне қаражат жеткізу мүмкін болмай қалуы да ғажап емес", - дейді көп балалы ана.
Бүгінгі таңда "AQYL" депозиті Қазақстанның барлық аймақтарында танымал болып отыр. Отбасы банк күн сайын шамамен 200 жаңа "AQYL" депозитін ашады.
Сыйлықтар табыстау сәті
Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова биылдан бастап “Отбасы банк” қазақстандықтарға тұрғын үйге ғана емес, білім алуға да ақша жинауға көмектесетінін алға тартты.
“Балаларымыздың алдында үлкен мүмкіндіктер есігін ашатын дүние бұл – сапалы білім. Білімнің күшімен сіз барлық арман мен тілектеріңізді жүзеге асыра аласыз. Мейлі ол үй сатып алу, саяхаттау, жеке тәуелсіздік немесе табысқа жету болсын біздің "AQYL" депозитімізбен мақсаттарды іске асыруға көмектеседі. 1 ақпаннан бастап қазіргі уақытқа дейін “Отбасы банкінде” 57 267 білім беру шоты ашылды. Депозиттің мерейтойлық, 50 мыңдық ұстаушысы Семей қаласының баласы болды. Небәрі 9 жастағы жеткіншектің жетістіктері жетерлік. Ол мектепте жақсы оқиды, футбол ойнайды және болашақта кім болатынын анық біледі. Оның банктегі бұл жинағы болашақта арманына жетуге және сапалы білім алуға көмектесетініне кәміл сенімдімін. Оған жүрек қалауын тыңдап, армандарының орындалуына тілекшімін”, - деді Ләззат Ибрагимова.
"AQYL" депозитін ашуға жас шектеуі жоқ. Ең кішкентай салымшы – үш аптаға толған бала, ал ең үлкен салымшы – 28 жастағы атыраулық азамат. Ол өз депозитінде 6,7 миллион теңге жинақтаған.
Конопья Мира Сапаровна "Отбасы банк" АҚ Абай олыстық филиал директорының орынбасары
“Қазір мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне алты қазақстандық банк пен бес сақтандыру компаниясы кіреді. Биылғы жылы "Қаржы орталығы" АҚ ашылған депозиттер бойынша мерейтойлық көрсеткішті атап өтті. Бүгінгі таңда 70 000 қазақстандық "AQYL" білім беру салымдарына ақша жинап жүр, олар бұл қаражатты кейіннен елімізде де, шетелде де білім беру ақысын төлеуге пайдалана алады. "AQYL" депозитін аша отырып, клиенттер банктен сыйақы алудан бөлек, салымшының әлеуметтік санатына байланысты жыл сайын 5% немесе 7% мемлекеттік сыйлықақы алады”, - деп атап өтті "Қаржы орталығы" АҚ Басқарма төрағасы Асқар Ибраимов.
"Отбасы банк" АҚ Абай олыстық филиал директорының орынбасары Мира Конопья "AQYL" депозитінің мақсаты – ел азаматтарының өз біліміне немесе балаларының біліміне қаражат жинау керек екенін жеткізді.
"Біздің кеңесшіміз Анар Темешова бүгінгі 50 мыңыншы салымшыға депозит ашуға көмектесті. Депозиттің көмегімен салымшылар отандық немесе шетелдік білім беру мекемелерінде оқу ақысын төлей алады. AQYL білім беру жинақтау салымын үш немесе бес жыл мерзімге ашуға болады. Егер ол кемінде үш жыл мерзімге ашылса, онда салым бойынша мөлшерлеме жылдық 12%-ға (ЖТСМ 12,9%-дан 13,1%-ға дейін) тең болады. Егер депозит кемінде бес жыл мерзімге ашылса, онда депозит бойынша мөлшерлеме 9,5% (ЖТСМ 9,5%-дан 10,1%-ға дейін) болады. Банктің есептелген сыйақысы ай сайын капиталдандырылады. Депозит мерзімі аяқталғаннан кейін ол автоматты түрде жаңартылады. Ахмет сияқты жас салымшылардың болашағы мен армандары үшін мұндай жинақтар үлкен қолдау көрсетуі мүмкін. Мен 9 жасар Ахметтің жетістіктеріне және оның білім алу жолындағы арман-мақсаттарына сенім білдіремін", - деді Мира Конопья.
Депозит ашылған кезде міндетті түрде жасалатын бастапқы жарнаның мөлшері үш айлық есептік көрсеткішке немесе 11 076 теңгеге (2024 жылы) тең болуы керек. Отбасы банкіндегі AQYL депозитін Ұлттық қордан алынған жинақтармен толықтыруға да болады. Бұл төлемдерді биыл 18 жасқа толған қазақстандықтар қолдана алады. Оны "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында enpf-otbasy.kz платформасы арқылы жасауға болады.