Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жандарбек Бұлғақов: Әкем ауырып қалды, ауруханада тұрып қатты жыладым

Айтыскер, көпшіліктің сүйікті ақыны Жандарбек Бұлғақов отбасы, өнер мен өмір туралы ой толғамдарын жеткізді. Өмірдегі жетістіктері, айтыске келу жолы мен өмірлік ұстанымдарын сөз етті.

Бұл туралы "Тәлім тв" арнасында айтылды.

Жандарбек Бұлғақов алғаш 14 жасында көлік ұтып, бір күнде 3 көлікті иеленген айтыскер. Жастайынан айтыста өнер көрсетіп келеді. Әкесі Айтақын Бұлғақовтың жолын қуды. Өмірде қанша жетістікке жетсе де, айтыста жүлделі болса да, әкемді жеңе алмадым дейді өзі. Өзінің айтуынша, айтысқа махаббатпен келген. 1989 жыл мен 2000 жылға дейінгі айтыстарды жатқа біледі. 

"Мен айтысқа махаббатпен келдім. Мен көлік ұтайын, танымал болайын деген жоқпын. Маған ешкім жақсы айтыссаң, көлік ұтасың деп үйреткен жоқ. Бұрынғы айтыстардың бәрін жатқа білем. Екі тәулік жатқа айта аламын. Себебі Оразалының, Дәулеткерей Кәпұлының, Мелс, басқа да ақындардың айтысы өзінен өзі жатталып қалатын өлеңдер еді. Сөзі, мәні, мағынасы келіскен жанға жақын айтыстар. Оны жаттайын демесең де жатталып қалады. Мен жастайымнан соның бәрін тыңдап, жаттап, түйсініп өстім. Айтысқа солай келдім", - деді Жандарбек. 

Жандарбек өзінің үлкен жетістігі өзі туғаннан басталғанын айтады. 

"Мен туғанда 4 келі болып тудым. Талдықорғаның перзентханасында өмірге келдім. Сол кезде мен рекорд орнатыппын. Дәл сол өңірде 4 келі болып туған бала болмапты. Бұл менің алғашқы рекордым. Кейін 14 жасымда көлік ұттым. 13 жасында көлік ұтып, біреу озбаса бұл менің екінші рекордым. Бір күнде бір айтыстан үш көлік ұттым. Кейін өзім болып екі қабатты үлкен үй салдым. Әке-шешім көзі тірісінде үлкен шаңырақта отырсын деген арманым орындалды. Бұны да өмірде жасаған үлкен жетістігім санаймын", - деді айтыскер.  

Бұлғақов соңғы рет әкесі ауырғанда қатты жылағанын айтты. Бұл пандемия кезі еді. 

"Пандемия кезінде әкем қатты ауырды. Көз алдымда солып бара жатты. Менің үй салып жатқан кезім еді. Үйіме әкем кіріп үлгермеді. Қызығын көрмеді. О дүниеге аттанып кетер ме екен деп қатты қорықтым. Ол кезде қайтыс болғандар туралы ақпарат желдей есіп жатты. Оның бәрі адамның санасына әсер етеді. Сондықтан ауруханада тұрып жылап жібердім. Ешкімге көрсетпедім", - деді айтыскер. 

Жандарбек Бұлғақовтың айтуынша, студенттік шағы Айнұр Тұрсынбаеваның үйінде өткен. 

"Менің ең қызықты студенттік шағым Айнұр Тұрсынбаеваның үйінде өтті. Ол кісі айтыстың аққуы әрі кобрасы. Өмірде өте мейірімді, жомарт адам. Ал айтыста қатігез", - деп өнердегі әпкесіне деген ыстық ықыласын білдірді. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр