Жаңаөзендегі тынышсыз түн: Газ бағасының қымбаттауына наразы халық жолды жауып тастады
Кеше 2 қаңтар күні Жаңаөзен қаласының тұрғындары алаңға шығып, облыстағы газдың бағасы 120 теңгеге қымбаттап кеткеніне байланысты наразылықтарын білдірген. Олар ең төменгі бағаны жалақы мөлшеріне сәйкес 60 теңгеге дейін төмендетуді талап етуде. Әлеуметтік желілерде наразылық білдірушілер үйлеріне қайтпай, түні бойы алаңда тұрғаны жайлы ақпараттар тарауда. Қазіргі Жаңаөзендегі жағдай қалай? Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Толқудың басы
Жаңаөзенде тұрғындар газ бағасын төмендетуді талап етіп, түннің бір уағына дейін көшеде жүрсе, күндізгі уақытта билікті талап-тілектерін орындауға шақырып, қаланың басты көшесін жауып тастады. Толқу қалада сұйытылған көлік газы 31 желтоқсанда 100 теңгеге және 1 қаңтарда 120 теңгеге көтерілгеннен кейін басталған.
Алғашында газ бағасын төмендетуді талап еткен жүздеген адам көшеге шыққан. Олардың арасында көлігі бар тұрғындар мен көлігі жоқ адамдар да бар.
Жиналғандар видеоүндеу түсіріп Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровқа үндеу жасап, тез арада газ бағасын 50 теңгеге түсіруді және газ тапшылығын болдырмауды талап етті.
"Газды өзіміз өндіреміз. Сол жерлерде көбісіміздің ағайын-туыстарымыз жұмыс істейді. Солар өндіріп отырған газдың өзімізге жетпеуі ақылға қонбайды. Алдымен өз халқын қамтамасыз етпей жатып, Ресейге шығарылмасын. Газдың да бағасы елдің жалақысына сай болсын. Бағасын 50 теңгеден асырмасын", - дейді жиналғандардың бірі.
Дереккөз Lada.kz
Әлеуметтік желілерде таралған видеолардан митингке жиналушыларды тәртіп сақшылары бақылап тұрғанын көруге болады.
Куәгерлер Жаңаөзенде интернетке бұғат салынғанын айтады.
Жиналғандар өздері қойған талапты тез орындауды талап етіп, орталық көшелердің бірін жауып тастаған. Жиналғандар ешқайда тарамайтынын айтып, облыс билігі мәселені шеше алмаса Нұр-Сұлтаннан арнайы адам келуін жеткізген.
2 қаңтар түстен кейін Жаңаөзендегі халық наразылығы әлі де жалғасып жиналғандарды Маңғыстау өңірінің өзге де аудандары қолдаған. Қарақия ауданындағы Жетібай кенті мен Құрық ауылында, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында тұрғындар жиналып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен аудан әкімдеріне видеоүндеу жолдады. Онда тұрғындарға сатылатын сұйытылған газ бағасын 50-60 теңгеден асырмауды талап еткен.
Биліктің жауабы
Оқиғаға байланысты облыс әкімдігі мен Қазақстанның энергетика министрлігі түсініктеме берді. Билік өңірдегі көліктердің ауқымды бөлігі отын ретінде пайдаланатын газ нарықта қалыптасқан жағдайға және сұраныстың көбеюіне байланысты қымбаттады деп түсіндірді.
- Энергетика министрлігі газ бағасының қымбаттауына байланысты түсінік берді
- Газ бағасының өскеніне наразылық білдірген Жаңаөзен тұрғындары митингіге шықты
Министрліктің мәлімдеуінше, елде жыл сайын сұйытылған газ тұтыну артып отырады, ал өндіріс көлемін өткен жылдардағыдан өзгермеген.
"Нарық механизмдері бәсекелестікті дамытуға оң әсер етеді. Электрон сауда-саттыққа көшкенге дейін сұйытылған газ өзіндік құнынан арзан бағамен сатылғандықтан өндірушілер шығын шегіп келді", - дейді министрлік.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың сөзінше, 1973 жылдан бері жұмыс істеп тұрған зауыттың құрал-жабдығының тозуы 90 пайызға жеткен.
"Егер шұғыл шара қабылданбаса, болашақта зауыт тоқтап, тиісінше, сұйытылған газ қат болуы мүмкін. Жаңа зауыт салу жоспары бар, оны іске асыру үшін тиісті шаралар атқарылуы тиіс, солардың бірі – сұйытылған газ нарықтағы сұранысқа сай бағамен сатылуы керек", - дейді Қартбаев.
Түнгі Жаңаөзен
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы тұрғындарының газ бағасы қымбаттауына байланысты наразылық акциялары түнгі уақытта да жалғасты.
Жергілікті билік өкілдері мен прокуратура азаматтарды тарауға шақырғанына қарамастан, наразы топ талаптары орындалмайынша алаңнан кетпейтінін жеткізген.
Qamshy.kz сайтының мәліметінше, алаңға ыстық тамақ пен шәй әкеліп жатқаны хабарланған.
Тоқаевтың тапсырмасы
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзендегі халық наразылығына байланысты үкіметке тапсырма берді.
Президент бұл жайында түнгі сағат 3-те Twitter парақшасында жазған.
"Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан тексеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс", - деп жазды президент.
- Қазақстанда тағы да автогаз қымбаттады
- "Газ бағасын төмендетсін": Жаңаөзенде көлік жүргізушілері шу шығарды
Кейінірек ол азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына өз талаптарын ашық айтуға құқығы бар, бірақ бұл заңға, атап айтқанда, бейбіт жиналыстар туралы заңға сәйкес жасалуы керектігін атап өткен.
Жаңаөзендегі жағдай қоғам назарында
Жаңаөзендегі газ бағасының қымбаттауына байланысты халықтың наразылығына қоғам белсенділері өз пікірлерін білдірген. Саясаткер Әміржан Қосан бұл оқиғаны сыртқы күштер өз мүддесіне пайдаланып кетпеу қажеттігін ескертеді.
"Министрліктің қайдағы бір жалпақсөз пресс-релизі жеткіліксіз - үкімет басшылары бүгін сол жаққа барып, ашынған жұртпен ашық та бүкпесіз сөйлесуі қажет!
Жаратқан ием қазақты қанды қырғыннан сақтасын!
Өз басым осы оқиғаны арам ойлы ішкі және сыртқы күштер өз мүддесіне пайдаланып кетпесе деп тілеймін", - деп жазады ол Facebook парақшасында.
Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан Жаңаөзен халқының көшеге себепсіз шықпайтынына тоқталған.
"Жаңаөзен халқы көшеге жай себепсіз шықпайды. Шықты ма яғни оған нақты себеп бар. Елде азық-түліктің бағалары шынымен аспанға ұшып кеткен, ал жалақы аз, тіпті жұмыссыздық басым. Сөздің қысқасы бізге қағида тұрғыда жаңа премьер-министр керек, үкіметтің экономикалық саясаты мүлдем өзгеру керек", - дейді Тайжан.
Заңгер Абзал Құспан "мұнайдың, газдың байлығы - халықтың байлығы"- дегенді сөз жүзінде де, іс жүзінде де дәлелдеген Жаңаөзендіктер екенін айта келіп, халықтың Жаңаөзенмен бірге екенін жеткізген.