Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға тыйым салына ма: БЖЗҚ сарапшылардың ұсынысына қарсы шықты
Сарапшылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға тыйым салуды қолдамайтынын айтты. Олар ең болмағанда көп мөлшерде жинағы барларға қаражатты алуға рұқсат ету керек екенін ұсынды. Алайда қор қаражатты үнемі алу болашақта қиындық тудыратынын ескертіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
БЖЗҚ Қазақстанның зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын арттыру бойынша сарапшылар тобының ұсыныстары кеңінен талқыланғанын атап өтті. Бұл сарапшылар құрамына: Григорий Марченко, Ораз Жандосов, Болат Жәмішев, Қадыржан Дамитов, Анвар Сайденов, Елена Бахмутова және Гүлфайрус Шайкакова кірді.
"Бұл ретте сарапшылардың зейнетақы жинақтарын алу мәселелері бойынша кешенді ұсыныстары барысында дұрыс емес ақпарат пен бұрмаланған түсіндірмесі пайда бола бастады", – деді БЖЗҚ.
Сарапшылар бюджеттен зейнетақы шығыстарының тұрақтылығын қамтамасыз етуді, жинақтаушы жүйеден зейнетақы жинақтары мен тұрақты төлемдердің барабарлығына кепілдік беруді, зейнетақы жарналарын төлеудің толықтығы мен жүйелілігін ынталандыруды, зейнетақы активтерінің инвестицияларын басқару тиімділігін арттыруды ұсынды.
"Тұрғын үйге және емделуге жинақталған зейнетақы қаражатының бір бөлігін пайдалану мәселесінде сарапшылардың ұсыныстары қандай да бір шектеу қоюды қамтымайды. Халықаралық тәжірибеде өзінің зейнетақы жинақтарын, ең әуелі шұғыл медициналық мақсаттарға ішінара пайдалану мүмкіндігі бар. Алайда барлығын алып қою немесе жиі алу болмауға тиіс. Қарттықта зейнетақымен қамсыздандыру үшін зейнетақы жинақтарын қалыптастыру керек", – делінген қордың мәлімдемесінде.
БЖЗҚ зейнетақылардың жеткілікті болуын қамтамасыз ету үшін жинақтарды тұрақты алып қоюға шектеу керек деп санайды. Айтуынша, қазір адамдар зейнетақы төлемдерін шамадан көп алып жатыр.
Алайда сарапшылар азаматтардың зейнетақы жинақтарын ішінара пайдалану құқығын сақтауды ұсынады. Олар бұл құқықты белгілі бір әлеуметтік стандартқа сәйкес, өздерін өмір бойына тиісті мөлшерде зейнетақы қорымен қамтамасыз етіп қойғандарға болатындай етуді алға тартып отыр.