Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа Конституция, "Әділетті Қазақстан": Өскеменде құқықтық негіздер талқыланды

Жаңа Ата Заңның ресми күшіне енуі қарсаңында Өскеменде оның негізгі қағидаттарын іске асыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Басқосуда Конституциялық реформалардың мәні, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және "Әділетті Қазақстан" қағидаттарын жүзеге асырудағы мемлекеттік институттардың жауапкершілігі талқыланды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Конституция кез келген мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастыратын басты құжат екенін атап өтті.

“Ата Заң – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін негізгі құқықтық құжат. Ол қоғамдық келісімнің, саяси тұрақтылықтың, заң үстемдігі мен әділеттіліктің берік негізі болып қала береді”, – деді аймақ басшысы.

ШҚО әкімі Конституция жобасы қоғам сұранысы мен заман талаптарын ескере отырып әзірленгенін айтты. Оның сөзінше, құжат мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, құқықтық институттарды жетілдіруге, азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және демократиялық қағидаттарды нығайтуға бағытталған.

Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған "Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін" қағидаты жаңа конституциялық реформалардың өзегіне айналғаны ерекше айтылды. Осы ұстаным негізінде Әділетті Қазақстанды құру, қоғамдық келісімді нығайту, жауапты азаматтық қоғам қалыптастыру, сондай-ақ "Заң және тәртіп" және "Таза Қазақстан" қағидаттарын орнықтыру мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде белгіленген.

 

“Бұл үдерісте өңірлерге ерекше жауапкершілік жүктеледі. Себебі, азаматтар мемлекеттік басқарудың сапасын, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін, инфрақұрылымның дамуын және әлеуметтік әділеттіліктің деңгейін күн сайын өз өмірінде бағалайды. Шығыс Қазақстан облысы үшін бұл мәселенің стратегиялық маңызы зор. Өңір тау-кен металлургиясы, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, ғылым және білім салалары дамыған еліміздің жетекші индустриялық орталықтарының бірі саналады. Облыстың шекаралық орналасуы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, логистикалық әлеуетті арттыруға, инвестиция тартуға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге қосымша серпін береді. Жүргізіліп жатқан реформалардың табысты жүзеге асуы азаматтардың белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Шығысқазақстандықтар әдеттегідей жоғары азаматтық жауапкершілік, бірлік пен жасампаздық бастама танытып, Жаңа Конституцияның қағидаттарын табысты іске асыруға және қуатты, әділетті әрі өркендеген Қазақстанды дамытуға лайықты үлес қосады деп сенемін”, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Дөңгелек үстелде жаңа Конституцияның құқықтық кеңістіктегі орны мен оның практикалық маңызы кеңінен талқыланды. Қатысушылар Ата заңға енгізілген жаңашыл нормалардың қоғам өміріне қалай ықпал ететініне, олардың күнделікті тәжірибеде қолданылуына және азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлмира Байркенова өз баяндамасында "Заң үстемдігі" тақырыбына ерекше тоқталды.

“Заң үстемдігі – Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі. Өйткені заң үстемдігінсіз Конституцияда бекітілген адам құқықтары мен бостандықтарын толыққанды жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан қазіргі заманғы демократиялық мемлекеттердің конституцияларында адам құқықтары мен бостандықтарымен қатар заң үстемдігі қағидаты да міндетті түрде бекітіледі. Себебі, заң үстемдігі Конституцияда көзделген құқықтар мен нормалардың қалай жүзеге асырылатынын құқықтық тұрғыдан реттейді. Оның іске асырылу тетіктері мен тәртібі түрлі заңдарда нақты айқындалған. Сонымен қатар заң үстемдігінің басты белгілерінің бірі – мемлекетте қабылданған және қолданыстағы заңдардың мемлекеттік органдардың азаматтарға қатысты озбыр әрекеттеріне жол бермей, олардың өкілеттіктерін заңмен шектеуі. Құқық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, соттардың және өзге де мемлекеттік мекемелердің құзыреті мен өкілеттігі заңда нақты белгіленген. Мемлекеттік органдар өз қызметін заң шеңберінде жүзеге асырған жағдайда ғана Конституцияда бекітілген құқықтар мен бостандықтардың толық іске асырылуына және олардың сенімді қорғалуына кепілдік беріледі”, - дейді Гүлмира Төлеубекқызы.

Жиын соңында қатысушыларға жаңадан басылып, заманауи үлгіде түптелген Қазақстан Республикасының Конституциясы табысталды.

Stan.kz
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 13:19