"Әңгіме көп, іс аз": Тоқаев үш жаңа жылу электр орталығын үш жыл ішінде салуды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда үш жаңа жылу электр орталығын (ЖЭО) салу мерзімін белгіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы наурыз айында елде таза көмір генерациясын дамытуға арналған ұлттық жоба қабылданғанын айтты.
Оқыңыз“Алдағы үш жыл ішінде Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жоғары экологиялық және экономикалық талаптарға сай технологиялар қолданылатын үш жаңа Жылу электр орталығы салынуы тиіс. Бұл станциялар міндетті түрде салынуы керек. Бұл мәселе бойынша әңгіме көп, ал іс аз”, – деді Тоқаев.
Тоқаевтың айтуынша, аталған жобалар белгіленген мерзімде толық жүзеге асырылуы қажет.
Істің мән-жайы
Бастапқыда Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш жылу электр орталығын салу жобасын Ресей қолға алған еді. Жобалардың тарихы 2023 жылдың қарашасынан басталады. Сол кезде вице-премьер Серік Жұманғарин Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумында тиісті ынтымақтастық құжатқа қол қою жоспарланғанын мәлімдеген. Алайда жобаларды іске асыру созылып кетті. Мерзімі мен шарты бірнеше рет қайта қаралып, Ресей тарапының қатысып иә қатыспайтыны белгісіз күйде қалды.
2024 жылдың қарашасында Мәжіліс депутаттары тиісті келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарауға алды. Құжатта жылу электр орталықтарын Ресейдің қатысуымен салу, оның ішінде жобалау, жабдық жеткізу және Ресейдің мемлекеттік несиесі есебінен жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері қарастырылған.
2025 жылдың мамырында Үкімет үш жылу электр орталығын салу жобасы бойынша инвесторды ауыстыру мүмкін екенін хабарлады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жобалау және дайындық жұмыстары жүріп жатқанымен, әсіресе Көкшетауда, қаржыландыру мәселесі шешілмегенін айтты. Атап айтқанда, жабдыққа пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мәселесі шешілмеген.
2025 жылдың қазан айында Ресейдің жобаларға қатысуы туралы шешім әлі қабылданбаған еді. Сол кезде “Самұрық-Энерго” АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов дайындық жұмыстары жүріп, қаржыландыру көздері іздестіріліп жатқанын мәлімдеген. Компанияның өз қаражаты да, Ресей тарапынан қаржыландыру да қарастырылған.
Премьер-министр 2026 жылдың наурызына дейін дайындық кезеңдерін аяқтап, құрылысқа көшу туралы тапсырма берді. Ал станцияларды іске қосу мерзімі ретінде 2029 жыл белгіленді.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан екі Жылу электр орталығы бойынша Ресейден жеңілдетілген қаржыландыруға қатысты жауап алмағанын мәлімдеді.
Көкшетаудағы жобаны Қазақстан өз күшімен жүзеге асыру туралы шешім қабылдады. Бұл уақытқа дейін құрылыс алаңын дайындау жұмыстары басталып, жоба Энергетика министрлігі арқылы “Самұрық-Энерго” компаниясына берілген.
Ал Семей мен Өскемендегі жылу электр орталықтары бойынша нақты шешім қабылданбаған. Үкімет Ресей тарапынан қаржыландыру болмаған жағдайда жобаларды өз ресурстары есебінен іске асыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Америкалықтар қарсы шыққан ірі ЖИ-хаб Екібастұзда салынғалы жатыр: Экология жанашырлары неге алаңдаулы