Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұтқан көлігімді бермей қойды": Гив ойнатқан блогер Елшін Жанеркенің басы дауға қалды (видео)

Желідегі оқырмандары арасында гив ойнатқан блогер Елшін Жанеркенің басы дауға қалды. Ойынға қатысып, көлік ұтқан қатысушы желі арқылы көпшілікке үндеу жолдады. Ал Жанеркенің өз айтары бар. 

Жанна есімді қатысушы Елшін Жанеркені айыптап, өзі ұтқан көлігін ала алмағанын айтты.

"Менің есімім Жанна. Мен Жанерке ойнатқан байқауға қатыстым. Онда көлік ұтып алдым. Алайда көлік кілтін әлі алған жоқпын. Көлік ұтқанымды айтып, құттықтап кеткен еді. Бір аптадан кейін екі ұйымдастырушы келіп, бір апта күте тұруымды сұрады. Көлік ақшасы төленбегенін айтты. Маған құжатын тастап кетті. Нұрлыбек пен Ермұрат есімді екі жігіт еді. Мен оған келістім. 

Кейін көлік жоқ болып шықты. Оның орнына 3,5 млн теңге ақша беретін болды. Жанеркемен кездестім. Олар халыққа есеп беру үшін видео есеп түсіруіміз керек екенін айтты. Мен көлік орнына ақша алатынымды айтып, видеоға түстім.

Жанерке өзінің де алданғанын, ұйымдастырушыларды сотқа беретінін айтты. Мен біраз уақыт күттім. Кейін Жанерке 1 млн теңге ақша жіберді. Одан кейін хабарласқанымда, ұйымдастырушылармен сөйлесіп өзің ал деп айтты. Мен оларды танымаймын. Мен Жанеркеге сеніп байқауға қатыстым. Сонда мен кінәлімін бе? Ақша да, көлік те жоқ. Маған желі қолданушылары хат жазып жатыр. Олар да ұтқан телефондарын алмағанын айтты", - дейді Жанна. 



Жанерке Елшін оқырмандарына байқаудың қалай болғанын, кімнің ақ, кімнің қара екенін айтып ақталды. 

"Бұл Ақмарал Елшін екеуміздің отбасылық байқауымыз. Нұрлыбек пен Ермұрат екеуі блогерлермен жұмыс істеп жүргенін айтыпты. Біз келісім шартқа отырдық. Бәрі заңды. Мен өзіме тиесілі ақшамды да алған жоқпын. Олар бізге көмектесіңіздерші деген соң байқауына қатыстық. Кейін шикіліктерін байқадық. Бұл жерде мен де алданып отырмын.

Мен Жаннаға өз атымнан 1 млн теңге аудардым. Оны бермесем де болар еді. Соттың нәтижесін күтіп жүрміз. Сот шешіміне сәйкес бәрін баяндағым келген. Бірақ Жанна ханым желіге үндеу жасапты. Түнімен ұйықтай алмай, морально зиян шектім. Ол үшін Жанна ханымнан екі еселеп өтемақы талап етемін. Тіпті президентке хат жазуға дайынмын. Менің кінәм жоқ. Кінәлі адам жазасын алуы керек. Жанна ханым ешқандай ақша ұтылмай-ақ ақша талап етіп жүр. Біз де пендеміз. Біз де қателесеміз. Соны түсінсеңіздер екен", - деп жылады Жанерке Елшін. 

Желі қолданушыларының бірі блогердің сөзіне сенсе, енді бірі теріске шығарды. 

"Аллаһ сабыр берсін, сізді ешбір жамандыққа қимаймын, аққа құдай жақ, Алланың алдында ақ болсаңыз болды", "Жанерке блогер ретінде және заңгер ретінде айтарым, сіздердікі дұрыс емес. Сіз өзіңізге жауапгершілікті алдыңыз ба? Көлікті соңына дейін жеткізіп, өз иесіне алып беру керек. Ұйымдастырушыларға кінәні артуға болмайды. Олар келеді, кетеді. Ал халық сенімі сіздерде. Олар алаяқ болса да, сіз сөзде тұруыңыз керек еді. Бұл жерде көп түсінбеушілік болып тұр. Сіздердікі мүлдем дұрыс емес. Білемін ол еңбек пен тер. Ұйқысыздық. Бірақ қарапайым халық сізге сенді, халықтың сенімінен шықпас үшін барыңызды салуыңыз керек еді, өте өкінішті болыпты! Ақ-қарасын заң анықтасын!", "Кейінгі кезде құтырып кетіп едіңдер", "Мүмкін қателескен шығар, түсінуге тырысайық", - деп жазды олар. 

"Аллаһ сабыр берсін деймін. Ешкімнің алдында ақталмаймын. Менің кінәм - адам баласына сенгенім! Кешеден бері мән бермеп едім, халық түсінбей жатқан соң, бар оқиғаны еш бүкпесіз өз аузыммен баяндайын деп шештім! Ал, қабыл алыңыздар! Енді, Ата заңымыздан әділ шешім сұраймын. Әркім өзіне тиесілі жазасын алады! Менің де кінәм болса, жазасынан қашпаймын! Қолдау білдіріп жатқан оқырмандарыма Алланың нұры жаусын. Кімнің кім екенін осындайда біледі екенсің", - деді блогер. 

Талқылау