Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық қор өкілі бала өмірден өтсе қордағы ақшаны кім алатынын айтты

Бала бақилық болған жағдайда “Ұлттық қор – балаларға” жобасынан түскен қаржы кімге беріледі, қалай жұмсалады деген сұраққа Ұлттық қор өкілі жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: banki.ru

"Егер бала қандай да бір жағдайда өмірден өтсе, қорда жиналған ақшасы ата-анасына беріле ме?", – деп сұрады Stan.kz тілшісі. 

"Жаман айтпай жақсы жоқ. Егер қандай да бір жағдай болып, бала өмірден өтсе, қаражат баланың ата-анасына немесе басқа да мұрагерлеріне қазіргі азаматтық кодекстің ерекше бөлігінде айқындалған тәртіппен беріледі", – деп атап өтті Ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры. 

Сонымен қатар Айбол Арғынғазыұлы мұндай кезде қаржының қайда жұмсалғаны тексерілмейтінін айтты. 

"Ондай жағдайда қаражаттың көзделген мақсатқа сай жұмсалуы талап етілмейді. Яғни ата-анасы немесе басқа да заңды мұрагері саналатын азамат қаражатты өз қалауынша жұмсай алады", – деп түсіндірді ол. 

Бұған дейін қор өкілі Ұлттық қорда қаражат таусылып қалса бала ақшасыз қала ма деген сұраққа жауап беріп, қор ақшасын, керісінше, көбейту көзделіп отырғанын айтқан еді. 

Балнұр Қожагелді
Дүйсенбі, 12 Ақпан, 2024 15:38
Талқылау