Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Велосипедпен балаларын тасыған: Қызылордалық әкеге қарсылығына қарамастан көлік сыйға тартылды

Велосипедпен балаларын тасып жүрген қызылордалық тұрғынға қарсылығына қарамастан, жаңа Lada Granta көлігі сыйға тартылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Блогер әрі белсенді Асылхан Дүкенбаев баспана алу үшін ақша жинаған Қызылорда тұрғынына жаңа көліктің кілті табысталды. Марапаттау рәсімі 11 ақпан күні қалалық орталық мешіттің алдында өтті.

"Қанат ағаның қалыпты өмір сүруі үшін бәрі бар екенін айтып, сыйлықтан бас тартқанына қарамастан, біз оған жаңа көліктің кілтін беруді ұйғардық. Көңіл қойып, үлес қосқан жанашыр жандарға алғыс айтамын. 3 күнде 8 миллион теңгеге жуық қаржы жиналды", - деді салтанатты шара барысында блогер Асылхан Дүкенбаев.

Қанат Отаровтың анасы барлық қол ұшын беріп, көмектескендерге алғыс айтты.

"Біздің отбасымызға деген ыстық ықыластарыңызға, көңілдеріңізге рахмет. Қуаныштан көз жасымды тыя алмадым. Баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын. Алты ай бұрын күйеуім көз жұмды. Алланың құдіреті күшті, бәрі құдайдың қолында деп айтатын. Бұл да Алланың берген сыйы шығар",-деді ол.

Көлікті сатып алғаннан қалған ақшаны Асылхан Дүкенбаев анасына берген.

"Әу бастан-ақ Қанат ағаға көлік, сосын үй алуды жоспарлағанбыз. Соңында Алланың қалауымен екеуі де болды. Ал бүгін жаңа темір тұлпардың кілтін табыстап жатырмыз", - деп қосты ол. .

Айта кетейік, Қанат Отаровты видеоға түсірген жігіт те сыйлық алған. Оған 100 мың теңге берілді.

Еске салайық, ер адам әлеуметтік желіде суыққа қарамастан балаларды велосипедпен тасып бара жатқан видео тарағаннан кейін танымал болған. 

Ер адам шымкенттік тұрғын сыйламақ болған көлік пен блогер Асылхан Дүкенбаевтың сыйлаған пәтерінен бас тартты. Ол өз шешімін белсендінің Instagram желісіндегі парақшасында видео үндеуде жариялады.

"Мен Шымкент қаласының тұрғыны маған көлік сыйлағысы келетінін түнде білдім. Ниетіне ризамын, көп рахмет, бірақ көлік өзінде қалсын, мен алдым деп есептеймін", - деді ол.

Талқылау