Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Депутат Қазақстанда үйлену тойын өткізу үшін несие беруге тыйым салуды ұсынды

Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров үкімет басшысы Олжас Бектеновқа жолдаған сауалында бүгінде елімізде жастардың көп ажырасатынын және мұның алдын алу үшін тиісті шаралар атқарылу керек екенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ардақ Назаров ұлттық статистика бюросының ресми деректерін алға тарта отырып, 2023 жылы елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, соның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталғанын айтты.

"Мұның сыртында бейресми ойраны шыққан отбасылар қаншама?! Осындай айдың, күннің аманында шаңырағы ортасына түскен отбасылар кесірінен бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың еркек – жалғыз басты отбасы кебін құшып отыр. Бұл не деген сұмдық?! “Екі жақсы бас қосса, бірін-бірі қиялмас. Екі жаман бас қосса, кең дүниеге сиялмас” дегендей, біз осындай мүшкіл хәлге қалай жеттік? Қай жерден қия басып, қай тұстан қапы қалып отырмыз? Бейбіт күнде отбасының отын-суын тасып берген. Ел басына күн туса “жаным арымның садағасы”- деген намысты ерлеріміз қайда? Шаңырағының берекесі, отбасының ұйытқысы бола білген, әдебі алтын жіппен әдіптелген текті қыздарымыз қайда? Отбасы-ошақ қасының түйткіл мәселелерін түбірлі түрде шешпей тұрып, әлемдік трендтердің соңынан аты-жөні жоқ, алашапқын ілесе берсек, ұлт ретінде үлкен тоқырауға ұшырарымыз анық", – делінген Ардақ Назаровтың депутаттық сауалында.

Ардақ Назаров ажырасудың алдын алу және отбасы институтын нығайту бағытында бүгінде түрлі тәжірибелер мен тиімді үлгілер жеткілікті дейді.

  • “Біріншіден, ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылардың біржақты шешімі негізінде сотқа арыз қабылданбас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеу тәртібін енгізу қажет. Бұл төлемнің көлемі едәуір жоғары болуы тиіс. Сонымен қатар, ресми түрде ажырасқан тұлғалар үшін табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру қарастырылсын.
  • Екіншіден, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі құқықтық мәдениетінде әулеттің үлкендері мен ақсақалдарының сөзін тыңдау, дау-дамайды бітіммен шешу дәстүрі берік орныққан. Осы тәжірибені заманауи форматта қолдану мақсатында, қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған жергілікті қоғамдастық кеңестері, ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесі сынды консультативтік-кеңесші органдардың әлеуетін пайдалану ұсынылады. Ажырасуға өтініш берген ерлі-зайыптылардың ісі сотқа жетпей тұрып, алдын ала осы кеңестердің қарауына ұсынылып, бітімгершілік және татуласу бағытында жұмыс жүргізілсе, көптеген отбасылардың сақталып қалуына мүмкіндік туар еді", – деді Ардақ Назаров.

Бұдан бөлек депутат жас отбасыларға арналған "Жас отбасы" ұлттық бағдарламасын әзірлеу қажет екенін айтты. Оның айтуынша, бағдарлама аясында жаңадан үйленген жастарға тұрғын үй, балабақша, жұмысқа орналасу және балалы болу кезінде кешенді қолдау көрсетілуге тиіс.

 

Сонымен қатар ипотекалық жеңілдіктер, арнайы жәрдемақылар мен салықтық демалыс қарастырылуы қажет. Бұл шаралар жас отбасылардың тұрақтылығын арттырып, ажырасу деңгейін төмендетуге ықпал етеді дейді ол.

"Төртіншіден, үйлену тойларын өткізу кезінде несие рәсімдеуге жол бермеу жөнінде кең көлемді ақпараттық-идеологиялық науқан жүргізу. Қазіргі қоғамда екі жастың үйлену тойына байланысты қарызға бату, банктік несиелер алу жағдайлары жиі кездесуде. Бір сәттік салтанат үшін бірнеше жыл несие төлеу жас отбасының берекесін кетіріп, экономикалық тәуелсіздігіне кері әсер етеді. Осыған байланысты Үкіметке жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру, несиеге той жасамау жөнінде жалпыхалықтық ақпараттық-идеологиялық қозғалыс бастауды ұсынамын. Бұл бастамаға қоғам қайраткерлерін, дін өкілдерін, отандық медиа мен блогерлерді тарта отырып, "Қарапайым той – берекелі отбасы" ұранымен ұлттық деңгейдегі үндеу жариялау тиімді болар еді", – деді депутат Ардақ Назаров.

Ардақ Назаровтың айтуынша, отбасы – мемлекеттің іргетасы, ал ажырасу тек жеке мәселе емес, ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа әсер ететін түйткіл. Олжас Абайұлына жолдаған үндеуінде ол ажырасудың алдын алу үшін отбасылық құндылықтарды насихаттап, жастарға тәрбие беруді, әлеуметтік қолдауды күшейтуді және ұлттық идеологияны нығайтуды үкімет пен парламенттің стратегиялық міндеті ретінде атап өтті. Назаров аталған шараларды кешіктірмей іске асыру ел болашағына жауапкершілікпен қараудың белгісі екенін айтып, нақты әрекет пен нәтиже күтетінін жеткізді.


Қазақстанда діни неке заңды некеге теңестіріле ме – Әділет министрі түсіндірді


"Үш жылда 80 мыңға төмендеп кетті": Қазақстанда туу көрсеткіші азайып кеткен


Еске салайық, бұған дейін әділет министрі елімізде әрбір екінші некенің соңы ажырасумен аяқталатынын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, былтыр 61 080 ажырасу тіркелген, бұл неке қию санының (124 774) жартысына жуығына тең.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 30 Сәуір, 2025 16:18
Талқылау