Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үстінде іш киімі ғана болды": Аяусыз өлтірілген алматылықтың мәйітін тапқан азамат оқиғаның мән-жайын айтып берді

Алматы облысының тұрғыны әйелін аяусыз ұрып-соғып, қабырғаларын сындырған. Онымен қоймай, қатты соққыдан көз жұмған  әйелінің мәйітін  Үлкен Алматы каналына лақтырып жіберген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Мұрат Юсупов өткен жексенбіде болған көріністі қорқынышпен еске алады. Үлкен Алматы арнасы маңындағы зауытта жұмыс жасайтын ол, сол күні таң атысымен өзенге келіпті. Зауытқа қарай аққан суды бөгемек болған.

“Басы судың ішінде жатыр. Денесі мен аяғы судан шығып тұр. Дереу мәйіт екенін білдім. Үстінде іш киім ғана болды. Түрін көрмедім. Жемпірмен жабық болды. Әйелді көрген кезде шошып кеттім. Хабарласа алмай дірілдеп, ақырында полицияны шақырдым. Олар келіп, денені алып кетті”, – дейді ол. 

Жергілікті тұрғындар әйелдің денесі адам шошырлық жағдайда болды дейді. Біреудің аяусыз ұрғаны анық байқалды деп отыр.

“Мәйіт ісініп кеткен. Беті-аузы ісіп, көгеріп. Былтырда осы жерде бір әйелдің денесі табылып еді”, – дейді Еңбекші қазақ ауданының тұрғыны Анатолий. 

Полиция тергеу кезінде марқұмның жеке тұлғасын анықтаған. 37 жастағы Талғар қаласының тұрғыны екен. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен келіншектің күйеуі ұсталды. Ол жайсыз жайттың ұрыс-керістен басталғанын айтқан. Кейін аяусыз соққыға жығып, тіпті қылмысын жасырғанын да мойындаған. 



“Қылмысты жасады деген күдікке 48 жасар марқұмның күйеуі ілінді. Тергеу барысында күдікті 6 қыркүйек күні ұрыс кезінде әйелін өлтіріп, қылмысын жасыру үшін каналға лақтырғанын мойындады”, – дейді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің қызметкері Әбілтай Әбенов.

Қамауда отырған күдіктіге қатысты, Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша полиция тергеу жұмыстарын бастап кеткен.  Яғни "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу" бабымен іс қаралуда. Бұл бап бойынша, күйеуінің кінәсі дәлелденсе, 8 жылдан 12 жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін Алматы облысының тұрғыны әйелін өлтіріп, өзінің қылмысын жасыру үшін оның денесін Үлкен Алматы каналына тастағанын жазған болатынбыз. 

Талқылау