Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ресейдің оларға тарихи құқығы бар": Әшімбаев Ресей думасы вице-спикерінің арандатушылық мәлімдемесі туралы пікір білдірді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ресей мемлекеттік думасының вице-спикері Петр Толстойдың Қазақстанға қатысты арандатушылық сөздеріне қатысты пікірін білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ria.ru

Әшімбаев мұны оның "жеке пікірі" деп атады.

"Бұл ол адамның жеке пікірі. Мемлекеттік думаның пікірі емес. Мен бұл мәлімдемелерді естідім. Біздің ұстанымымыз қажет болған жағдайда ақпарат министрлігі, сыртқы істер министрлігі, депутаттар әрқашан дер кезінде жауап береді. Сондықтан бізді өз ұстанымын білдірмейді деу – жаңсақ пікір", – деп жауап берді Мәулен Әшімбаев.

Журналистер Петр Толстойдың Ресей мемлекеттік думасының депутаты және вице-спикері екенін нақтылап сұрады.

"Депутат болуы мүмкін, бірақ депутат әртүрлі контексте сөйлеуі, әлдене айтуы мүмкін. Депутат жеке тұлға ретінде сөйлей алады, институт атынан ресми түрде сөйлей алады. Сондықтан драматизациялаудың да, шиеленістірудің де қажеті жоқ", – деді сенат спикері.

Бұған дейін Ресей мемлекеттік думасының вице-спикері Петр Толстой "Комсомольская правда" радиосының эфирінде қазақ қалаларының денінде орыстар тұратынын айтып, "Ресейдің оларға тарихи құқығы бар" деген еді.

Петр Толстой егер Ресей Украинамен мәселені жаппаса, "Қазақстанмен, Армениямен және біздің маңайымыздағы басқа елдермен проблемалар туындайтынын" айтты.

Кейінгі жылдары ресейлік депутаттар Қазақстанның аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін арандатушылық мәлімдемелерімен бірнеше рет аталып жүр. Қазақстан билігі оларға түсінік берген жоқ. Көбіне депутаттар мен қоғам қайраткерлері жауап берді.

Талқылау