Сапарбаев: Коронавирус мәселесіне 1,5 миллиард теңге бөлінді
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қытайдағы студенттерді алып келуге ұшақ дайын екендігін, ауруға байланысты 1,5 млрд теңге бөлінгендігін атап өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
«Қазіргі таңда қандай шаралар қолданылғаны жөнінде айттым. Кеше біз бұқаралық ақпарат құралдарына қолға алынған шаралар туралы хабарладық. Қазір біз Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз. Сондағы бірінші кезекте біздің студенттерді алып келу жөніндегі шаралар пысықталды. Екіншіден, сондағы туристерді жеткізу. Туристер 680 болған, олардың жартысы елге оралды. Біздің есебіміз бойынша бүгін немесе ертең толығымен елге келуі керек», - деді Сапарбаев.
Ол Қытайдағы студенттерге ұшақ арнап қойылғандығын жеткізді.
«Елге келеміз деген студенттерге ұшақ дайындап қойдық. Өздеріңіз білесіздер, екі елдің арасында тиісті келісімшарттар бар. Соған сәйкес жұмыс істеуіміз керек», - деді үкімет басшысының орынбасары.
Бұған қоса, Сапарбаев премьер-министр қосымша құралдар, маскалар, тағы да керек аттар алу үшін қаулыға қол қойғанын айтып кетті.
«Оған қосымша 1,5 млрд теңге бөлінген. Оның үстіне, өзіміздің қорымыз да бар, жергілікті жерлерде берілетін көмек бар. Яғни, көмекті немесе медициналық қолдауды қажет ететін азаматтар болса, оған біздің қаржымыз да, мүмкіндікіміз де бар», - деді премьер-министрдің орынбасары.