Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тұзды суды амалсыздан ішіп отырмыз": Жетісу облысында тұрғындар бюджеттен 200 миллион теңге бөлінген су жүйесінің әлі жасалмағанына шағымданды

Жетісу облысында тұрғындар ауыз суға зәру екенін айтып, шағымданып жатыр. Мұнда осыдан үш жыл бұрын 200 миллион теңгеден астам бюджет ақысына басталған ауыз су жүйесінің құрылысы әлі аяқталмаған. Тұрғындар денсаулыққа зиян ащы суды амалсыз ішіп отырғандарын айтып, наразылық танытты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото сюжет кадрларынан

Тұрғындар суды қазір осыдан 46 жыл бұрын салынған мұнарадан алып отырғандарын жеткізді. Алайда жекенің қолындағы нысан әбден ескірген. Сапасы нашарлаған суды құрылғы арқылы жер астынан тартады екен. 

“Біздің ауылдың суының сапасы өте нашар. Тұзды су тіпті тұтынуға жарамайды. Амалсыздан ішіп отырмыз. Шәйнектің ішін қарасаңыз, тіпті қайнамайтындай қақ жиналған. Мұның бәрі зиян ғой, денсаулыққа”, – деді Қаратал ауданының тұрғыны Қаламқас Омарова.

Әкімдіктегілер Сарыбастауға су әкелу үшін облыстық және республикалық бюджеттен 233 млн теңге бөлінгенін растады. Алайда мердігер компания бір жылда пайдалануға берілуі тиіс су жүйесін мерзімінен кешіктірген. Тараптар соттасып, медиация тәртібімен татуласып, жұмыс қайта жалғасып жатыр екен. 

“Қазір 80% жұмыс аяқталған. 7,9 сеть 111 құбырмен келіп тұр ауылға. Резервуар салынды. Бір көтерме сорғы салынды. 2021 жылы қазған 40 метрлік ұңғымадан су шықпай жатыр”, – деді Қаратал аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Уәлиев.



Ал наразы топтың алдына келген мердігерлер келесі айдың аяғында жұмысты аяқтайтынын айтты.

“Бұл жерде қосымша мердігерлерден қате кетті. Жасыратыны жоқ, бізден де қате кетті. Уақытында қадағаламадық. Соларға сендік. Қазір енді өзіміз кіріп, өзіміз жасап жатырмыз. Құдық дұрыс болмай, қайта қаздырып жатырмыз. Ауылға су береміз деп дайындалып жатырмыз”, – деді мердігер компания өкілі Қанат Жұмәділов.

Талқылау