Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан: Су тасқынына қарсы жұмыстар үлкен апаттың алдын алды

Түркістан облысында бірнеше айдан бері жүргізілген апаттың алдын алу жұмыстарының нәтижесінде толассыз жауған жауыннан келер алапат апатқа жол берілген жоқ. Жауапты орган басшыларының штаб отырысында сарапшылар осындай қорытындыға келді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы шығын көлемін анықтау үшін Кентау мен Сауран ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялау туралы ұсыныс көтерді. 

Жалпы, жыл басынан бері облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен барлық аудан, қалада су тасқынына қарсы жұмыс күшейтілген болатын. Тұрақты талқыланып, әрбір аудан, қала әкіміне нақты міндеттер жүктелді. Ауа райының алдын ала болжамы назарға алынып, қауіпсіздік нығайып, арықтар мен атыздар, каналдар тазаланды. Техника мен төтенше жағдай департаментінің мамандары, жергілікті әкімдіктер дайындыққа келтірілді. Соның арқасында үлкен шығындар мен апаттарға тосқауыл қойылып отыр.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданы мен Кентау қаласындағы су басқан бірнеше елді мекенді аралап, тұрғындармен кездесті. Ораңғай, Құсшы ата ауылдарын аралады. Көшелерден су қашырту жұмыстарын көрді. Төтенше жағдай департаментінің өкілдерімен бірге жергілікті тұрғындармен жүздесті. 

“Жауын-шашынның мөлшерден тыс көп түсуі, ауа райының күрт жылынып, қардың еруі осы жағдайға әкелді. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен амандығы маңызды. Бұл жағдайда сабыр керек. Ең бастысы, ел аман. Барлық аудан, қаладағы жағдай бақыланып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Ирригациялық жүйелер ашылып, каналдар тазартылған. Жағдай бақылауда”, – деді Дархан Сатыбалды. 

Қарнақ ауылында қарғын суды бөгеп, бағытын бұру жұмысы жүріп жатыр. Тұрғындар өздеріне арнайы келіп, жағдайын сұрап, елдің арасынан табылған облыс әкіміне ризашылықтарын білдіріп, су тасқыны зардабын жою жұмыстары бойынша ұсыныстарын жеткізді. 

Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы Шаға ауылындағы бірнеше аумақты аралап көрді. Жауын-шашынның тоқтауына байланысты су деңгейі төмендеген. Дегенмен қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Жауын-шашын көп түсуіне және қардың еруіне байланысты Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарындағы бірнеше ауылдағы үйлердің аулаларын су басты.  

Еріген қар суы мен жаңбыр суы 19 елді мекендегі көшелер мен аула учаскелері арқылы ағып өтті. Қазіргі таңда 21 көше, 234 аула, 1 тұрғын жеке үйге су кірген. ТЖД күшімен су басқан аула аумағынан 200-ден астам адам эвакуацияланған. Ол адамдар туыстарының үйлеріне жайғасты. Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды. Су тасқыны салдарын жоюға барлығы 300-ден астам адам, 100-ге жуық техника, 28 мотопомпа жұмылдырылды. 

Сонымен бірге басқармалар мен кәсіпкерлер арқылы ондаған техника көмекке келіп отыр. Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, жаңа жылдан бері су тасқынының алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілген. Әкімдіктер мен департаменттің бірлескен іс-әрекеті арқылы жағдай бақылауға алынып отыр. 

Бүгінде Түркістан облысының су басу қаупі бар аймақтары мен су нысандарында 24 сағаттық кезекшілік ұйымдастырылған. Судың деңгейі және елді мекендерді қарғын судан сақтау жұмыстары тұрақты қадағалауға алынған.

Талқылау