Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төртінші толқын қаупі төніп тұр": Бекшин Алматыда қатаң шектеу шараларын енгізу себебін түсіндірді

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин брифинг барысында “дельта” штамының көбеюіне байланысты шектеулер туралы айтты. 

“Жағдай күрделеніп барады. Біз осыған дейін үшінші толқында едік. Енді қазір мойындауымыз керек "дельта" штамы келіп, төртінші толқынға аяқ бастық. Төртінші толқын қаупі төніп тұр. Біз "жасыл" аймаққа шығып, сырқаттанушылық тәулігіне 100 жағдайға дейін төмендеген болатын. Үнді штаммы басқа мутацияланған штамдармен салыстырғанда жоғары патогенділікке ие. Осыған байланысты қатаң шектеу шараларын енгізуге мәжбүрміз", - деді Бекшин.

Бекшин шектеу шараларына байланысты, қаладағы нысандардың жұмысына тоқталды. 

Қоғамдық тамақтану нысандары қызыл аймақ талаптары бойынша жұмыс істеуі тиіс, сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат. Жұмыс күндері толымдығы 50 пайыз, бірақ 30 орыннан аспауы тиіс, ал сенбі мен жексенбі жұмыс істеуіне тыйым салынады. Бірақ жеткізу қызметіне рұқсат етіледі. Ал Ashyq қатысушылары түнгі сағат 2-ге дейін жұмыс істей алады, оларда толымдық 50 пайызға дейін, бірақ 50 орыннан артық емес.

Ashyq-қа қатыспайтын банкет залдары жұмыс істей алмайды. Ал Ashyq мүшелері түнгі сағат 2-ге дейін жұмыс істейді, бірақ адам саны 3-дан аспауы тиіс. Еске алудан басқа ұжымдық іс-шараларға тыйым салынады.

Моншалар барлық күні жұмыс істейді. Сауналар, спа-орталықтар, бассейндер тек жұмыс күндері істейді. Ал Ashyq мүшелері өз режимі бойынша.

Кинотеатрлар мен театрларға тыйым салынады. Тек Ashyq жүйесімен толымдығы 30 пайыздан артық болмаған жағдайда жұмыс істеуге болады.

Бильярд, компьютерлік клубтар Ashyq-сыз жұмыс істемеуі керек.

Сондай-ақ, Бекшин вакцина салдырмағандардың қашықтан жұмыс істейтінін айтты. 

Оның сөзінше, қызметкерлері толықтай вакцина салдырған болса кеңселер бұрынғыдай жұмыс істей алады.

"Мекемелердің, кеңселердің жұмысына қатысты сұрақ өте жиі қойылады. Егер Ashyq жүйесіне қосылмаған болса, қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан, 20 пайызы кеңседен жұмыс істей алады. Қызметкерлері толық вакцина салдырған болса пайыздық үлес ескерілмейді, тек вакцина салдырмағандар қашықтан жұмыс істеуге жіберіледі", - деді Бекшин.

Айта кетейік, Алматының бас санитария дәрігері Жандарбек Бекшин 26 маусымда жаңа қаулыға қол қойған болатын. Қаулыға сәйкес қалада жаппай бетперде тағу режимі енгізіледі. Қаулы 28 маусымнан бастап күшіне енді.

Талқылау