Тікұшақ апатына байланысты Ми-8 әуе кемесін пайдаланатын барлық компаниялар тексеріледі
Азаматтық авиация комитеті апатқа ұшыраған Ми-8 әуе кемесінің ұшуға жарамдылық сертификаты 2022 жылы 3 мамырда берілгенін мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду тікұшақ апатына байланысты шұғыл кеңес өткізді.
"Апатқа ұшыраған Ми-8 әуе кемесінің ұшуға жарамдылық сертификаты 2022 жылы 3 мамырда берілді. Тікұшақ 2021 жылы 27 қаңтарда шығарылған. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Ми-8 типті әуе кемесін пайдаланатын әуе компаниялардың қызметіне жоспардан тыс инспекциялық тексерулер жүргізеді. Тексерулер нәтижелері бойынша жүйелі бұзушылықтар анықталған жағдайда ұшу қауіпсіздігінің барлық мәселелер шешілгенге дейін тиісті сертификаттар мен куәліктер тоқтатылады", - делінген жиын қорытындысы бойынша хабарламада.
Еске салсақ, кеше "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағы Батыс Қазақстан облысы аумағына апатты жағдайда қонды. Апат салдарынан 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті.