AAPL
168.49 $
-0.44 %
TSLA
859.89 $
-2.62 %
NDAQ
186.57 $
-0.02 %
GOOGL
118.84 $
-0.72 %
FRHC
57.42 $
-0.24 %
AAPL
168.49 $
-0.44 %
TSLA
859.89 $
-2.62 %
NDAQ
186.57 $
-0.02 %
GOOGL
118.84 $
-0.72 %
FRHC
57.42 $
-0.24 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Елде басшылық қызметтерде отырғандары да бар": Мамандар Қазақстандағы Ислам дінінің теріс ағымдары мен олардың қауіпі жайлы айтты

Қазіргі уақытта Исламның радикалды ағымдардың белсенділігі тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл Орталық Азия мемлекеттерін алаңдатуда. Әсіресе, елімізде орын алған соңғы жағдайлардан кейін дінтанушылар бұл мәселеге мемлекет тарапынан көңіл аудару керек дейді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 22 діни құрылым террористік деп танылған. Stan.kz тілшісі мамандармен сұхбаттасып, дәстүрлі дінді теріс ағымдардан қалай ажыратуға болатыны жайлы сұрап білді. 

Қазақстанда нақты қанша ағым бар екенін ешкім дөп басып айта алмайды

Дипломатия институтының профессоры, дінтанушы Асылбек Ізбайыров қазіргі уақытта елімізде Ислам дінінің қанша ағымы бар екенін дәл айту қиын дейді. Оның сөзінше, мұндай ағымдардың саны жайлы статистиканың да дұрыс жасалмайды екен.

“Статистиканың дұрыстығына күмәнім бар. Себебі сақал өсіріп, қысқа балақты шалбар киген адамдардан “Алла қайда?” деп сұрайды. Егер “Аспанда” деп жауап берсе, бұл “Дәстүрлі емес дінді ұстанады” деп, статистикадағы 20 мың адамның қатарына қоса салады. Ал Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан азаматтың діни ұстанымына шектеу жоқ, тек елдегі заңнаманы бұзбаса болды. Ал жоғарыдағы бір сұрақ арқылы діннің дәстүрлі немесе теріс екенін ажырату дұрыс емес. Қазақстанда Исламның дәстүрлі емес ағымдарының саны туралы қазір дөп басып айту қиын”, – деді Асылбек Ізбайыров. 

Теріс ағымдар отарлаудың жаңа формасына айналды

Дінтанушы Ислам дініндегі радикалды ағымдардың үлесі өте төмен болғанымен, саяси тұрғыдан әсер ету аясы кең екенін қосып өтті. 

“ХІХ ғасырдан бастап Исламды саясиландыру процесі қарқынды жүрді. Оның басында Абу-ль-Аля Маудуди, Сейид Ибрахим Кутб сынды адамдар тұрған. Олар батыстық отарлауға қарсы өзіндік моделін ұсынды. Бұл азаматтар “Шариғатты ұстанбаған ел кәпірлік мемлекет, намаз оқымайтын адам кәпір” дегенді ұстанады. Олардың саны аз болған күннің өзінде саяси әсері өте мықты. Мысалы, Ауғанстандағы және Ирактағы соғыс радикализм деңгейін көтеріп жіберді. Сонымен қатар қару алып, соғыс ашу үшін Ислам діні ыңғайлы еді. Әрі топ жинау да оңай болды”, – деп қосты ол. 

Асылбек Ізбайыровтің сөзінше, қазіргі күнге дейін мемлекеттерді колонизациялау үшін Ислам діні пайдаланылып келеді.

“Радикалды Ислам ағымдарымен күрес дегенді желеу етіп, өзге мемлекеттің аумағына кіріп келу өте қолайлы. Бір сөзбен айтқанда, теріс ағымдар – елдерді отарлаудың жаңа формасы. Мұны Сирия, Ирак, Ауғанстан елдерінде болған жағдайлардан көрдік”, – деп түсіндірді дінтанушы. 

Өмірден өз орнын таба алмаған адамдар жат ағымға тез қосылады

Маман КСРО құлаған соң Қазақстанға теріс ағымдардың көптеп келе бастағанын айтады. 

“Дінсіздік идеологиясы құлаған соң теріс ағымдарға жол ашылды. Осы кезеңде халыққа да белгілі идеология қажет болды, ал мемлекет мұны қамтамасыз ете алмады. Қазір біз жастардың көп бөлігі дінге бет бұрғанын байқап отырмыз. Мешітке барсақ, жұма намаз оқығандардың 80%-ы – 18-25 жас аралығындағы жастар. Мұны артықшылық ретінде қарастыруға болады. Өмірде өз орнын таппаған, жеке пікірі қалыптаспаған адамдар жат ағымға еріп кетуге бейім болады. Егер осындай артықшылықты мемлекет оң бағытта пайдалана алмаса, мұны радикалды белсенділер өз пайдасына асырып кетуі әбден мүмкін”, – дейді Асылбек Ізбайыров. 

Айтуынша, деструктивті ағым өкілдері өмірден баз кешкен адамдарды тауып, оларға әсер етуге тырысады. 

“Қазақстандағы басты террористердің бірі Бимурзаев (ред. Қазақстанда тыйым салынған “Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер” ұйымының көшбасшысы, 2004 жылы Өзбекстанда сотталған) саябақтардан сондай адамдарды іздеген деседі. Жабырқаулы күйде отырғандарды көрсе, жанына келіп, әңгімелесіп, өз жағына тартуға тырысқан. Солай арбауына тап болған 5 қызды терроризмге дайындаған, олардың бірі Ташкентке жарылыс жасамақ болғанда өзінің жүкті екенін біліп, ойынан бас тартқан. Ал осы 5 қызды теріс ағымнан шығару үшін 5 жыл қажет болды. Адамның ішкі жан-дүниесіндегі аласапыранды пайдаланып арбау – дінге қосудың бір жолы”, – деп мәлімдеді ол.

асылбек

Дінтанушы Асылбек Ізбайыров

Радикалды ағымдарға тек қазақ тілділер қосылмайды

Асылбек Ізбайыров теріс ағымға қосылып жатқандардың басым бөлігі дәстүрлі Ислам дінін ұстанушы қазақтар екеніне сенбейтінін айтады. Олардың ішінде орыс тілділер де көп дейді. 

“Қазір теріс Ислам ағымдарына қосылғандардың арасында орыс тілділер де бар деп естідім. Жат ағымға еріп кету нақты тілді талап етпейтінін естен шығармаған жөн. Тек орыс тілділер қазақтың дәстүрінен алшақ дегені болмаса. Олар біздің дәстүрімізден бйхабар болуы мүмкін, сондықтан ондайларды өзге ағымға қосу оңай болады”, – дейді дінтанушы. 

Жастарды жат ағымнан қорғаудың жалғыз жолы – дәстүрімізді жаңғырту

Дінтанушының айтуынша, қазіргі уақытта азаматтардың жоғарғы және сапалы білім алуы жат ағымға қосылмауының кепілі бола алмайды. 

“Адамдарға белгілі деңгейде рухани, діни білім де керек. Дегенмен жоғары білім алған адамда сыни ойлау қабілеті жақсы дамиды. Мұндай азаматты жат ағымға қосу қиынға түсері анық”, – деп қосты Асылбек Ізбайыров. 

Ал халықты және жастарды теріс ағымның арбауынан қорғау үшін дәстүрлі Орта Азиялық білім беру жүйесін дамытуды ұсынды. 

“Бұл туралы бұған дейін бірнеше конференцияда айттым. Бізге дәстүріміз бен Орта Азиялық білім беру жүйесін дамыту керек. Осылайша өзіміздің этникалық кодымызға көз жүгіртеміз. Қазір орыс және басқа да ғалым-авантюристердің сызып берген шеңберінен шыға алмай келеміз. Біз өзіміздің кім екенімізді білуіміз керек, қазір осы мәселе үлкен маңызға ие”, – деп аяқтады Асылбек Ізбайыров. 

Руслан

Орталық мешіттің наиб имамы Руслан Қайыргелді

Исламның радикалды ағымын ұстанушылар қазақтың дәстүрлерін теріске шығарады

Алматыдағы Орталық мешіттің наиб имамы Руслан Қайыргелді Ислам дінінің радикалды ағымдарына ерушілер қазақтың дәстүрлерін жоққа шығаратынын алға тартады. 

“Теріс ағым деп атауы да айтып тұрғандар оны ұстанушылар қазақтың дәстүрі мен салтын теріске шығарады. Ал түптеп келгенде, салт-дәстүрлердің, атап айтсақ, тұсау кесу, бесікке бөлеу мен жеті шелпек таратудың да өз мән-мағынасы бар. Мәселен, бұрын жеті шелпек пісіріп, кедейлерге садақа ретінде таратылған. Бесікке не үшін үкі таққан? Үкінің қауырсыны тұрған жерге жылан мен тышқан жақындамайды. Бұл ешқандай пұтқа табыну емес. Ата-бабамыз мұны білген. Сәлем салудың өзінің үлкен хикметі бар. Мәселен, үйге келген қонақтар жаңа түскен келіннің бетінен сүйіп амандасса, үлкен әбестік болар еді. Сәлем салу арқылы келін де өз парызын орындайды, үлкендер де дән риза. Екіншіден, шариғаттың заңы да орындалып тұр. Ал радикалды белсенділер мұны құлшылық ретінде қарастырады. Тек Құдайдың алдында ғана бас ию керек дейді", –дейді ол.

Теріс ағым өкілдерінің белсенділігі артуда

Бұған қоса имам Ислам дінінің ең қауіпті ағымдары жайлы да айтып өтті. Қазіргі таңда мұндай ағымдардың белсенділік танытуы алаңдатарлық жағдай дейді ол. 

“Қазақстандағы Ислам дінінің түрлі ағымдары керітартпа идеологияға негізделген деп айтсақ қателеспейміз. Солардың ішіндегі ең қауіптісі – "Такфири" жамағат. Несімен қауіпті дейсіз ғой? Олар намаз оқымайтын адамды "кәпір" деп атайды. Ал Қазақстанның Конституциясы мен заңнамасын "шайтани заң" дейді. Енді біздің заңымызды "шайтани", ал намаз оқымайтындарды "кәпір" деп айтатындардан не күтуге болады? Әрі елдегі көптеген оқиғаларға осы ағымдардың қатысы бар. Мәселен, Ақтөбедегі қанды оқиғаларды алып қарасақ та, "Такфири" жамағаттың ізі бар екенін байқаймыз. Сонымен қатар “қаңтар” оқиғасына да теріс ағымды ұстанғандардың қатысы болды деп айтылды. Алайда бұл әлі де нақты емес. 

Одан бөлек теріс ағымдардың ішінде сүлейменшілер өздерін "ақиқат жолында келеміз" деп айтады. Олар алдыңғы екі ағым өкілдері секілді басқаларға "кәпір" деп емес, жанашырлықпен қарайды. “Бейшара біздің деңгейге жете алмады” дейді. Қазір олар әлем бойынша медресе мен пансионат ашып, өз ағымдарын кеңейтуді көздеп отыр. Қазақстанның өзінде 50-60 пансионаты бар көрінеді. Ал орталықтары Түркиядағы Стамбұл қаласында орналасқан. Одан бөлек Қазақстанда “Мадхали”, “Гюненші”, “Нұршылар” деген сынды ағымдар бар”, – деді Руслан Қайыргелді.

Биліктегілердің арасында Исламның жат ағымының өкілдері бар

Руслан Қайыргелді билік өкілдерінің арасында теріс ағым өкілдері бар екенін де айтып қалды. 

“Мұндай ағымдарды ұстанушылардың кейбірі министрліктерде, денсаулық сақтау саласында, басқа да ведомстволарда лауазымды қызметте отыр.  Оларға бұрыннан "Дінге қызмет ету керек" деп сіңіріп қойған. Әсіресе, “сүйлеменшілер” өкілдері жетерлік. Бұлардан бөлек нұршылар мен сәлафиттер біздің билікте бар. Әзірге хабаши өкілдерін байқамадым", – дейді ол. 

Бұған қоса ол қоғамда Ислам туралы теріс түсінік қалыптасқанын атап өтті. Сөзінше, дәстүрлі дін ұстанушылары мен теріс ағым өкілдерінің ара-жігін ажырата білу қажет. 

“Қазір Радикалды Ислам деген тіркес жиі айталыд. Бірақ бұлай айту дұрыс емес. Ислам еш уақытта радикалды болмаған. Ислам бөлем, деструктивті ағымдар бөлек. Әр теріс ағым өз идеологиясын сіңіруді, ауызбіршілікті бұзуды көздейді. Қазір барлығы ақпарат айдынында соғысады, бұрынғы соғыс жоқ. Енді есіміз бен етегімізді жинау керек. Себебі бір шалыс қадам бізді теріс ағымның құрбанына айналдырады”, – деп түйіндеді Руслан Қайыргелді.

Деструктивті діни ұйымдардың негізгі 10 белгісі:

  • Насихатталатын діни догмалар мен діни идеялардың ерекшелігі;
  • Мемлекеттің зайырлы құрылымын жоққа шығару: заңдар, билік органдары, басқару құрылымдары;
  • Адамдарды шынайы сенушілер мен кәпірлерге бөлу, сондай-ақ діни араздықты қоздыру;
  • Діннің ғылыми түсіндірмелерін қабылдамау. Мұсылмандарда мазхабтардан бас тарту (исламдағы діни мектептер);
  • Белгілі бір мемлекетке немесе этносқа тән дәстүрлерді сақтаудан бас тарту;
  • Зайырлы мәдени іс-шараларға қатысудан, теледидарда немесе желіде ойын-сауық және ағартушылық мазмұндағы контентті көруден бас тарту;
  • Әйелдердің бостандығын шектеу, мысалы, киім таңдауда. 
  • Діни салт-дәстүрлер бойынша неке қию және бұзу;
  • Азаматтық парыздан бас тарту: білім алу, әскери қызмет. Сонымен қатар кейбір медициналық қызметтерден бас тарту: қан құю, вакцинация;
  • Сырт келбеті мемлекеттің дәстүрі мен мәдени ерекшеліктеріне қарама-қайшы болуы.

Айта кетсек, Қазақстан аумағында тыйым салынған террористік құрылымдардың ұлттық тізімі келесідей:

  • "Аль-Каида";
  • "Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс";
  • "Өзбекстандағы исламдық қозғалыс";
  • "Күрд Халық Конгресі" ("Конгра-Гел");
  • "Асбат аль-Ансар";
  • "Братья-мусульмане";
  • "Талибан" қозғалысы;
  • "Боз гурд";
  • "Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер";
  • "Лашкар-е-Тайба";
  • "Әлеуметтік реформалар Қоғамы";
  • "Хизб-ут - Тахрир" ұйымы;
  • "АУМ Синрикё";
  • "Шығыс Түркістан азат ету ұйымы";
  • "Түркістан ислам партиясы";
  • "Джунд-аль-Халифат";
  • РҚБ "Сенім. Білім. Өмір";
  • "Таблиги джамагат";
  • "Ат-такфир уаль-хиджра";
  • "Ислам мемлекеті" (ДАИШ);
  • "Ан-Нусра фронты";
  • "Йакын Инкар".
Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр