Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Телеcуфлер операторы Трамптың сөздерінің мазмұнына бәс тігіп, 100 мың доллар ұтты деп айыпталды

Трамп телесуфлер бәс тігу
Фото: Габриэль Перес_Габриэль Перес

АҚШ-та реттеуші орган мен Kalshi болжам платформасы Ақ үйдегі телесуфлер операторы болған Габриэль Перестің әрекеттеріне қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ол қызмет барысында алдын ала білетін ақпаратты пайдаланып, президент Дональд Трамптың сөйлейтін сөздеріне бәс тігіп, шамамен 100 мың доллар ұтып алған деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Перес Ақ үйде 2016 жылдан бері жұмыс істеген. Тергеу мәліметінше, ол президент Дональд Трамптың сөз сөйлеу кезінде белгілі бір сөздердің айтылатынына бәс тіккен.

Бұл бәс тігу АҚШ-та кең таралған Kalshi болжам платформасы арқылы жасалған. Аталған сервистің пайдаланушылары түрлі оқиғалардың болатынына немесе болмайтынына ақша тіге алады. Компания Перестің әрекеттері туралы АҚШ-тың Тауарлық фьючерстер саудасы жөніндегі комиссиясына хабарлаған.

Мәліметтерге сәйкес, Kalshi платформасы Габриэль Перестің аккаунтын бұғаттаған. Салдарынан ол ұтып алған 90 мың долларды шешіп үлгермеген.

“Наурыз айында сарапшылар "сөздердің айтылуына қатысты болжам нарығында" күмәнді белсенділікті байқаған. Бұл нарықта қолданушылар белгілі бір спикердің сөзінде нақты бір сөздердің немесе тіркестердің айтылатынын болжайды. Мысалы, ел атаулары, экономикалық терминдер немесе сайлауалды ұрандар”, – деп мәлімдеді компания. 

Kalshi өкілдері президенттер немесе АҚШ Федералдық резерв жүйесінің төрағасы сияқты ықпалды тұлғалардың мәлімдемелері валюта, мұнай фьючерстері мен қор нарықтарына миллиардтаған долларлық әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Күмәнді бәс тігулерді анықтағаннан кейін компания қолданушының профилін тексеріп, оның телесуфлерге қолжетімділігі бар федералдық қызметкер екенін анықтаған.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левит президенттің бұл қызметкер туралы хабардар екенін және қазір ол жалақы сақталмайтын демалысқа жіберіліп, Ақ үйде жұмыс істемейтінін айтты. 

 

Айым Болатқызы
Жұма, 17 Шілде, 2026 08:43