"Тек үш үй қалды”: Солтүстік Қазақстанда ауылдар жаппай жойылып барады

Солтүстік Қазақстан облысында біртіндеп жойылып бара жатқан ауылдар әлі де бар. Оның себебі қарапайым: жұмыс жоқ, кей жерлерде мектеп те жоқ. Соның салдарынан адамдар басқа, дамыған елді мекендерге көшіп жатыр, бұл көшу процесі тоқтаған емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 7-арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Бір кездері Алқа ауылында өмір қайнап жатқан. Бірақ экономикалық дағдарыс жылдары жұмыссыз қалған адамдар туған ауылын тастап, аудан орталықтары мен қалаларға көшіп кеткен. Қаңырап қалған үйлер қирай бастағанымен, ауылда әлі де адамдар тұрады. Қазір мұнда үш отбасы ғана қалған. Солардың бірі — жасы 60 шамасындағы ауыл тұрғыны Мақсат Исабеков.
"Азық-түлікті бір айға, екі айға жететіндей аламыз. Ауданға кейде трактормен, кейде атпен барамыз. Осылай күн көріп отырмыз. Бұрын 60 үй болған деймін. Ауыл үлкен еді. Бірақ күйреу басталғанда адамдар көше бастады. Қазір тек үш үй қалды”, – деді ол.
Тағы бір ауыл тұрғыны Ниязбек Закириянов басты мәселе мектептен басталғанын алға тартты.
"Мұнда барлығы тату-тәтті өмір сүрді. Бір-бірімен жақсы араласты, ешқандай жанжал болған жоқ. Балалар өскенде мектепке бару керек болды. Мәселе осыдан шықты. Сондықтан адамдар Явленкаға, Бескөлге және қалаға көшті. Кім біледі, мүмкін заман өзгерер? Ауылға әлі де біреулер келер деп үміттенеміз”, – деді ол.
Алқа ауылы Петропавлдан шамамен 100 шақырым жерде орналасқан. Оны болашағы жоқ деп таныған соң, көрші ауылға қосқан. Қазір ол Қарағаш ауылының бір көшесі ғана. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қалған тұрғындар көшкісі келмейді.
"2020 жылы орталық ауылда үйлер салынды. Сонда баруды ұсындық. Бірақ тұрғындар келіспеді. Олар мұнда мал ұстап отыр. Заң аясында Явленкаға көшіруді де ұсынамыз. Бірақ әзірге адамдар келіспеді”, – деді округ әкімі Арман Әбілғазы.
Алқа ауылының тағдыры басқаларына ұқсас. Соңғы алты жылда облыста 60-қа жуық елді мекен жойылған.
"Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 590 ауыл бар. Оның ішінде 113 ауылда халық саны 50 адамнан аз, жалпы 2800 адам тұрады. Егер ауыл жабылса немесе тұрғындар басқа, жайлырақ ауылға көшкісі келсе, мемлекет тарапынан қолдау қарастырылған. Әр отбасы мүшесіне 15 АЕК беріледі. Сондай-ақ көшуге және жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі”, – деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Бұл мәселе халық саны аз өңірлердің бірі үшін әлі де өзекті. Сондықтан негізгі үміт Қазақстанның оңтүстігінен келетін қоныс аударушыларға артылып отыр. Биыл солтүстік облыстарға 3 мыңнан астам адамды қабылдауға квота бөлінген.
"Тоқырау жылдарында оқуға түсе алмадым": 50 жасында диплом алған алматылық медбике өз арманын қалай орындады
Оқыңыз