Таразда аялдамада 13 жастағы қызды алып қашуға жол бермеген ер адамға облыс әкімі 500 теңге сыйақы табыстады

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Таразда 13 жастағы жеткіншекті қаскөйлерден арашалап қалған азаматты марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыс әкімі өңір тұрғындары атынан Нүркен Омаровқа алғыс білдіріп, оған алғыс хат пен 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табыстады.
“Сіздің жедел әрекетіңіз бен табандылығыңыздың арқасында жасөспірімнің қауіпсіздігі сақталды. Сын сәтте жауапкершілікті өз мойныңызға алып, батыл шешім қабылдауыңыз бойыңыздағы биік адамгершілік пен парасаттылықты көрсетті. Бұл іс-әрекетіңіз өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, азаматтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге "Заң мен тәртіп" қағидатын берік ұстанудың маңызын айқындап, әрбір азаматтың құқықтық жауапкершілікті терең сезінуі қажеттігін дәлелдеді. Сізге мықты денсаулық, шаңырағыңызға шаттық пен береке тілеймін”, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі Нүркен Омаровтың ел тыныштығына немқұрайлы қарамай, азаматтықтың жарқын үлгісін көрсеткені үшін ата-анасына алғысын жеткізуді сұрады.
Бұдан бөлек, ерен ерлік танытқан азаматтың әлеуметтік жағдайына назар аударып, оның тұрақты жұмыспен қамту мәселесін қарастыру жөнінде жауапты тұлғаларға тапсырма берілді.
“Оқиға кезінде қыз баланың қорқып тұрғанын байқап, бір сәт те кідірмей көмекке ұмтылдым. Бұл ісімді марапат үшін емес, азаматтық және әкелік борышым деп санаймын”, – деді Нүркен Омаров кездесу барысында.
Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында екі ер адам аялдамада тұрған 13 жастағы қызды ұрламақ болғаны туралы жазған едік. Жасөспірімде сол сәтте жақын маңда болған ер адам құтқарып қалған. Артынша ер адамды Жамбыл облыстық полиция департаменті марапаттады.
"Өлтіруге болатынын балаларға көрсетуге болмайды": Аружан Саин бұралқы иттерді жоюға қарсы шықты
14 сәуірде Алматыда бұралқы иттерді эвтаназиялауды міндеттейтін заңға қарсы баспасөз конференциясы өтті
"50 миллиардқа жуық қаржы бөгде шотқа түседі": Блогер Республика сарайын жалға берушілерді ел қазынасына қол сұқты деп айыптады
Блогер: "Қағаз жүзінде жасалған келісімшарттан кейін қаражат қазынаға емес, осы ұйымның басқа шоттарына түседі"