Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордада игі іс: 3 мамырда инклюзияны қолдауға марафон өтеді

3 мамыр күні Астанада Charity Samruk Marathon қайырымдылық жүгіру жарысы өтеді. Іс-шараның басты мақсаты – елорда мектептерінде инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға қаражат жинау.

Аталған марафон "Самұрық-Қазына" қорының қайырымдылық қызметін үйлестіруші Samruk-Kazyna Trust бастамасымен жүзеге асып келе жатқан дәстүрлі жоба. Алғашқы марафон 2023 жылдың мамыр айында қордың 15 жылдығына орай ұйымдастырылған еді. Соңғы жылдары бұл бастама қоғамда ерекше серпін алып, ортақ игі іске үлес қосқысы келетін жандардың басын біріктіріп отыр. Мысалы, 2024 жылы жүгіру шарасының есебінен жиналған қаржатқа Астана мектептерінде 5 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды, ал 2025 жылы оған 3000 адам қатысып 208 млн теңге жиналды.

Нәтижесінде тағы да 10 заманауи кабинет ашылып, 700-ге жуық балаға сапалы білім алуға мүмкіндік жасалды. Бұл – қайырымдылықтың нақты нәтижеге айналғанының айқын көрінісі.

Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесі кезең-кезеңімен дамып келеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қатарластарымен бірге білім алуы – олардың қоғамға бейімделуінің маңызды тетігі. Ал осы үдерісте инклюзияны қолдау кабинеттерінің рөлі ерекше. Мұнда білікті мамандар балалардың жеке ерекшеліктеріне сай жұмыс жүргізіп, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.

Charity Samruk Marathon – тек спорттық шара емес, қоғамдағы жанашырлық пен жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір қатысушының қосқан үлесі ерекше қажеттіліктері бар балалардың болашағына бағытталған нақты қадамға айналады. Ол үшін тіркеліп, старттық жиынтықтың құнын – 15 000 теңгені төлеу жеткілікті. Қатысушыларға 2,5 шақырым, 5 және 10 шақырым қашыққа жүгіру, сондай-ақ 2,5 шақырымдық скандинавиялық жүріс түрлері ұсынылады.

Ұйымдастырушылар барлық ниет білдірушілерді игі іске атсалысып, қайырымдылық марафонына қатысуға шақырады. Сонымен қатар жобаға қаржылай қолдау көрсетуге де мүмкіндік қарастырылған.

Осылайша, Charity Samruk Marathon қоғамды біріктіріп қана қоймай, мейірім мен қолдауға негізделген жаңа мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуде.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 15 Сәуір, 2026 10:05