Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тамақ дайындауға да су жеткіліксіз”: БҚО тұрғындары күнделікті ішетін ауыз суына мұқтаж екендерін айтып, шағымданды

БҚО-да Жәнібек ауданының үш ауылы ауыз суға тарығып отыр. Тұрғындардың айтуынша су тапшылығынан тіпті тамақ дайындау мәселеге айналған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл ауылдардағы су құбыры 17 жыл бұрын салынып, әбден тозығы жеткен. Салдарынан су қысымы да жоқ, сүзгілер де ескірген. 2007 жылы бұл нысан сенімгерлік басқаруға берілген. 

“Күнделікті суға мұқтажбыз. Құдық жоқ. Құдық қазсаң, ащы су болады. Тұщы су жоқ. Енді суды нысаннан аламыз. Су жібермесе - сусыз, тамақсыз отырамыз. Өйткені қарапайым тамақ дайындауға да су жеткіліксіз”, – деді Жәнібек ауданының тұрғыны Айсұлу Нұртаева.

Су құбырын қалпына келтіру үшін 986 миллион теңге қажет екен. Ал бұл ақша жақын арада бөлінбесе, 2,5 мыңнан астам ауыл тұрғыны сусыз қалмақ. Аудандық мәслихат депутаттары "АМАНАТ" партиясына хат жолдап, мән-жайды түсіндірді. Тұрғындар су мұнарасы аудан әкімдігінің балансына берілсе, мәселе шешілетініне сенімді. 

“Мұнара аудан әкімдігінің балансына берілуі керек. Осыдан кейін толық қайта құру, екі сорғы сатып алу, содан кейін мұнараны жөндеу қажет болады. Барлық сүзгілер тозған. Осы жұмыстардың барлығы орындалса, жақсы болар еді”, – деді Жәнібек аудандық мәслихатының депутаты Мөлдір Әбдірешова. 

Талқылау