"Тағы бір Салтанат": Алматыда бұрынғы әйелін ұрып-соққан ер адам қамауға алынды
Алматыда әйелін соққыға жыққан Александр Ким есімді азамат сот шешімімен қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Алматы қаласы полиция департаментінің хабарлауынша, ер адам бұрынғы әйелін ұрып-соққаны үшін ұсталды.
"Бұрынғы әйелін ұрып-соғып, бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіргені үшін ұсталды. Ол сот шешімімен 25 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, айыппұл арқалады", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін қоғам белсендісі Жанна Ахметова Facebook желісінде жұбайынан қорлық көрген Салтанат есімді келіншектің видеосын жариялаған еді. Жанна Ахметованың айтуынша ер адам ажырасқан әйелінің артынан қалмай, оны қайтаруға мәжбүрлеген.
Аталған жағдайдан кейін қорлық көрген әйелдің бұрынғы күйеуі Александр Ким жасаған әрекеті үшін кешірім сұрап, экс-әйелін қатты ұрмағанын, жай ғана қолын сермеп, итеріп жібергенін жеткізді. Болған оқиға үшін нақты әділ жазасын алуға дайын екенін айтты.