Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сурет сыры: Қазақ даласында әйелдердің 2 ғасыр бұрын да темекі тартқанын білесіз бе?

Қоғамда қолына темекі ұстаған қыз-келіншектерге деген көзқарас қалыпты жағдайға айналып үлгерді. Алғаш тәуелділігін тығылып басып жүрген нәзік жандылар, бүгінде еркіндікке шыққандай. Дей тұрғанымен, дәл осы темекіге әуестік қазақ даласында қай кезеңде пайда болғанын білесіз бе? Stan.kz ақпарат агенттігі 2 ғасыр бұрын салынған қазақ әйелінің суретін талдап көрді. 

Фото: t.me/nurqoja

Сурет 1836 жылдары салынған. Авторы венгр суретшісі Михаил Зичи. Суретші Ресейге кінәз әйелінің шақыртуымен қызын қылқалам өнеріне баулу үшін келген. Сол уақыттан бастап Ресей империясында талай туынды салды. Көзі тірісінде Санк-Петербург пен Париж қалаларында тұрды. Тіпті империяның суретшілер академиясының құрметті мүшесі де болды.  “Қазақ қызы” деп аталған осы бір сурет те сол кезеңдерде салынған болуы мүмкін. Өйткені қолөнер шебері негізінен дала тынысын, халықтың тұрмыс-тіршігілігін тарихта қалдыру үшін қағаз бетіне түсіруге тырысқан.

Арада ғасырлар салып тарихи кескінді елдегі тарихшылардың бірі Нұрқожа Ерсайын әлеуметтік парақшасында жариялап отыр. Әрі “қазір халық бұзылды, бұрын пәк едік дейтіндерге жауап осы сурет секілді” деп жазған екен. 

Тарихшының түсіндіруінше бұл суретте қазақ қызы бейнеленген. Мұрнында моншақ, қолында түтікше. Түтіндетіп темекі тартып отырғанын байқайсыз. 

“Темекі мен басқа да шылымның зияндығы осы біздің ғасырда ғана анықталды. Оған дейін темекіні дәрігерлер дәрі ретінде жазып, дәріханада сатқанын, тіпті ұшақтың ішінде шылым тартуға рұқсат болғанын ұмытпайық.1800-ші жылдардың адамдарынан не сұраймыз? Менің ойымша, ол кезде кез келген адамның шылым тартуы қалыпты жағдай болған шығар”, - деп жазады ол. 

Кейіннен дәл осы суреттің бояуы ашық түрі де салынды. Ол кескін де “Қазақ қызы” деп аталған. Оң жақ бұрышында белгілі суретші Наталья Володеваның Федор Солнцевтен көшіргені жазылған. 

Әрине, сурет сырына тереңдеу әр түрлі пайымға әкеледі. Десе де, нақты жауабы тарихи жазбалармен делелденеді емес пе. Осы орайда қазақ қыз-келіншектерінің шылымға деген қызығушылығы расымен де 2 ғасыр бұрын болған ба деген сұрақпен белгілі этнограф Досымбек Қатранұлына хабарластық. Маман дерекпен толықтай келісетінін айтты.

“Негізінде темекі тарту деген қазақ арасында жоқ нәрсе емес. Көзбен көрген соң толықтай “иә” деп айта аламын. Оның үстіне біраз жасқа келген апалардың өзі тартады емес пе. Қазір де темекі тартатын апалар жоқ емес бар. Одан бөлек оңтүстік қазақтары көкнәр пайдаланды. Суық тигенде, жөтелге ем болсын деген ниетпен”, - деді этнограф. 

Ал ғаламтор беттерін парақтасаңыз темекінің Азия елдеріне 15 ғасырда келгенін білеуге болады. Көбіне оны тіс ауырғанда қарсы дәрі ретінде қолданған. Тағы бір деректерге көз салсаңыз темекіні Христофор Колумбпен байланыстырады. 

“1492 жылы 12 қазанда ол белгісіз арал (қазіргі Америка) жағалауына тоқтағанда, арал тұрғындары күнге кептірілген өзара “петум” деп атайтын бүктеулі жапырақты қонақтарға ұсынады. Колумбтың екінші саяхатынан кейін темекі дәні алғаш Испанияға, содан әлемге жайылып кеткен. Темекінің кеңінен етек жайған себебі – оның адам ағзасына тәуелділік тудыратын қасиетінде”, - делінген ғаламтор беттерінде. 

Ал бүгінде оның зияндылығы жиі айтылады. Бірақ нақты шектеу қойылмаған.

Талқылау