ШҚО-ның Жаңа Бұқтырма кентінде ауқымды абаттандыру жұмыстары атқарылып жатыр

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кенті соңғы жылдары жаңа келбетке ие болып келеді. Туризмді дамыту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және жағалау аумақтарын абаттандыру бағытында бірқатар ірі жобалар қолға алынған.
Мемлекет басшысы тарапынан туризм саласын дамытуға берілген тапсырмалар Алтай ауданында басым бағыттардың біріне айналды. Осы мақсатта 2024 жылдан бастап Жаңа Бұқтырма кентінің аумағын абаттандыру бойынша ауқымды жоба жүзеге асуда.
Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаевтың айтуынша, кент аумағы бірнеше функционалдық аймаққа бөлініп, кезең-кезеңмен жаңғырту жұмысы жүргізілуде.
“Мемлекет басшысы тарапынан туризмді дамыту бағытында қойылған міндеттер бүгінде жұмысымыздың басым бағыттарының біріне айналды. Осы мақсатта 2024 жылы Жаңа Бұқтырма кентінің аумағын абаттандыру бойынша ірі жобаны жүзеге асыруды бастадық. Кент аумағын төрт негізгі аймаққа бөлдік. Олардың қатарында Мәдениет үйіне іргелес аумақ, велосипед және жаяу жүргіншілер аймағы, сондай-ақ балаларға арналған жеке алаңдар бар. Үш жыл ішінде орталық алаң мен оған іргелес аумақтарды абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды”, – дейді аудан басшысы.
Оның айтуынша, кентте демалыс орындарының сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, екі субұрқақ орнатылды. Оның бірі – құрғақ субұрқақ болса, екіншісі – классикалық үлгідегі субұрқақ.
“Қазіргі кезде барлық қажетті келісімдер жасалды, алдағы уақытта субұрқақтарды іске қосуды жоспарлап отырмыз”, – деді Ренат Құрмамбаев.

Жоба аясында Жаңа Бұқтырма кентінде төрт негізгі аймақтағы жұмыстарды "AST Qurylys 22" ЖШС мердігер ұйымы жүзеге асыруда.
Алғашқы аймақ – Арбат және орталық жағажай. Бұл аумақ тұрғындар мен туристердің серуендеп, демалуына арналған заманауи кеңістік ретінде қалыптасуда.
Екінші аймақ – сквер. Мұндағы обелиск жаңғыртылып, ұзындығы 144 метр жаяу жүргіншілер жолы және монумент алдындағы көлемі 276 шаршы метр алаң абаттандырылды. Жұмыстар толық аяқталған.
Үшінші бағыт – белсенді демалыс, яғни воркаут аймағы. Мұнда тұрғындардың спортпен айналысуына арналған бірнеше нысан салынды. Атап айтқанда, баскетбол, үстел теннисі және шағын футбол алаңдары жабдықталды. Сонымен қатар ересектерге арналған жаттығу аймағы жасалып, спорттық құрылғылар орнатылды. Белсенді демалыс инфрақұрылымының тағы бір элементі ретінде ролик, самокат және BMX велосипедтеріне арналған памп-трек салынды.
Төртінші аймақ – Мәдениет үйінің маңы. Бұл жерде ұзындығы 604 метр болатын жаяу жүргіншілер жолдарының жабындысы жаңартылды. Бұрын пайдаланылмаған ескі субұрқақ алынып, оның орнына жарық субұрқақ орнатылған жаңа алаң пайда болды.
Бұдан бөлек Абай көшесін жаңарту жұмысы жалғасуда, орындалу деңгейі – 60 пайыз. Жалпы ұзындығы 4 шақырым болатын жолдың 3 шақырымына асфальт төселген.

Жаңарған кент келбетін тұрғындар да оң бағалап отыр.
“Жаңа Бұқтырма кентінде тұрғаныма он жыл болды. Осы уақыт ішінде көп өзгерісті көріп келемін. Өткен жылдан бері, биыл да абаттандыру бағытында көптеген игі істер атқарылып жатыр. Өздеріңіз көріп отырсыздар, бұл жердің көркі ерекше. Осында келіп демалсаңыз, көңіл күйіңіз көтеріледі. Шаршап келген адам осы әсемдікке қарап, сергіп қалады. Айнала жайнап, көркейіп тұр. Осындай жұмыстарды жасап жатқан азаматтардың еңбегі зор”, – дейді кент тұрғыны Ақылбек Тұқяқов.
Кент тұрғындары үшін бұл өзгерістер ерекше маңызды.
“Осы кентте бүкіл саналы ғұмырымды өткіздім, осында еңбек етіп, зейнетке шықтым. Кентте болып жатқан өзгерістердің барлығы көз алдымда өтіп жатыр. Осы елді мекеннің іргетасы қаланған кезден бастап, бұл жердің дамуын көріп келемін. Қазіргі жағдайы мені қуантады. Айнала абаттанып, көркейіп келеді. Су құбырлары ауыстырылды, гүлдер егілді. Мен гүлдерді ерекше жақсы көрем, сондықтан мұндай өзгерістер үлкен қуаныш сыйлайды”, – дейді жетпіс төрт жасқа таяған Тамара Кисилева.

Оның айтуынша, ауқымды жұмыстардың нәтижесін көру үшін тұрғындарға сабыр қажет.
“Мұндай ауқымды жұмыстар бір күнде бітпейді. Сондықтан барлығымыз шыдамдылық танытып, құрылыстың аяқталуын күтуіміз керек. Ең бастысы – осы еңбектің жемісін көріп, жаңарған, көрікті кентімізде қуана өмір сүру”, – дейді ол.
Кенттің тағы бір тұрғыны Лидия Бедарева да өзгерістерге ризашылығын білдірді.
“Соңғы уақытта кентіміздің келбеті қатты өзгерді. Бірнеше ай бойы Ресейде болып, жақында ғана оралдым. Келгенде өз көзіме өзім сенбедім. Осындай әдемі өзгерістерді көріп, жаным жадырап тұр. Осы жұмыстарға атсалысқан, еңбегін сіңірген барша азаматқа алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысына да ерекше ризашылығымызды айтуымыз керек. Қаражат бөлініп, шағын ғана кентіміздің көркейіп, жаңаруы – үлкен қолдау. Алдағы уақытта да кентіміз дамып, гүлдене берсін. Ал тұрғындар осы әсемдікті сақтап, оған ұқыпты қарауға тиіс”, – дейді Лидия Бедарева.
Бүгінде Жаңа Бұқтырма кенті тек тұрғындар үшін ғана емес, туристер үшін де тартымды орынға айналып келеді. Абаттандыру жұмыстары, жаңа демалыс аймақтары мен инфрақұрылымдық жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.