Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сөйлеуге тыйым салған, мылтық кезеген": ХАМАС тұтқынында болған израильдіктер қандай жағдайды бастан өткергендерін айтты

ХАМАС тұтқынында болған израильдіктер кепілде болған кезде қандай қиындықтарды бастан өткергенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Кепілден босатылғандардың айтуынша, олар төсек емес, тас орындықтарда ұйықтауға мәжбүр болған, вентиляциясы жоқ дымқыл жер асты бөлмелерінде тұрған. 

Газа секторынан босатылғандар лас және антисанитариялық жағдайда қорқынышпен өмір сүргенін айтады.

Кепілге алынған 78 жастағы Рути Мундер ұлының өлімін күзетшілер тыңдап отырған радиодан білген.

Ал Дебора Коэн содырлар 12 жасар жиені Эйтан Яхоломиге Израильдің оңтүстігіндегі қырғынның видеосын көруге мәжбүрлеген. Оның жиені 52 күн тұтқында болған.

"Оны Газа секторына әкелген кезде оны барлық жергілікті тұрғындар жабылып ұрды. Ол 12-ақ жаста ғой!" Ол жылай бастаған кезде басына мылтық тежеп, үнін шығармауды талап еткен”, – деді Дебора Коэн.

Басқа кепілге алынғандар жерасты туннельдерінде және электр жарығы жоқ бөлмелерде жатқан.

Күзетшілер олардың әр қимылын бақылап, бір-бірімен тілдеспес үшін оларға қалам да бермеген.

Ал 78 жастағы Рути Мундер 54 жастағы қызы Керен және тоғыз жасар немересі Охад Мундер-Зихримен бірге босатылды.

Оның айтуынша, содырлар оларды ауа жоқ бөлмеде тас орындықтарда ұйықтауға мәжбүрлеген. Бәріне бір ғана мата берілген.

Содырлар кепілге алынғандардың отбасын әртүрлі топтарға бөліп, жақындарын бірге қалдырмаған. 

Мундердің 78 жастағы күйеуі Абрахам әлі күнге дейін кепілде.

Кепілге алынғандарға тауық еті мен күріш, күніне екі рет шай берген. Кейбіреулерге тек консервіленген хумус, ашытқысыз шелпек және тұзды ірімшік берілген. Соңында күніне екі бөлке наннан артық ештеңе берілмейтін.

"Алғашында тамағы жақсы болды, бірақ кейін тамақтың сапасы нашарлай бастады. Себебі экономикалық жағдай нашарлап, адамдар аштықтан өлді”, – дейді ол.

Соның кесірінен жеті келіге арықтаған көрінеді.

Тұтқыннан босап шыққан балалардың жақындары олардың көпшілігі ауыр психологиялық жарақат алғанын, жүйке ауруларына шалдыққанын айтады.

Кибуца Беэри тұрғыны Газадан құтқарылған екі қыз әлі тек сыбырлап сөйлейтінін айтты. Себебі оларға ол жақта сөйлеуге тыйым салынған. 

Жексенбі күні бостандыққа шыққан тоғыз жасар Эмили түнде ұйықтар алдында жылаймын дейді.

"Кездескен кезде ең қорқыныштысы – оның сөйлеуден қорқып қалғаны. Оның сыбырынан тіпті оны ести алмадық. Аузына құлағымды тосып тұрдым. Себебі оны үнін шығармасын деп қорқытқан”, – дейді қыздың әкесі.

Палестиналықтармен бейбітшілік орнатуды белсенді жақтаған 85 жастағы Йохевед Лифшиц те бостандыққа шықты. Ол тұтқында болған кезеңін тозаққа балады.

Палестиналық содырлар оны мотоциклмен алып кетіп, таяқпен ұрып-соғып, Газа секторының астындағы туннельге күштеп салған. Дегенмен оған және оның тобындағы басқа кепілге алынғандарға жақсы қарап, тазалық сақталғанын және оларға матрацтар берілгенін айтты.

"Ауырып қалмасын деп дәрігер екі-үш күн сайын бізге келіп тұрды", – деді ол.

84 жастағы Эльма Авраам тұтқыннан босатылған бойда  тікұшақпен Беер-Шеба ауруханасына жеткізілген. Оның жағдайы өте нашар болған көрінеді.

Қызы Тали Аманоның айтуынша, ұрланғанға дейін де анасы бірнеше ауыр дертке шалдыққан. Оның үстіне оған 50 күннен астам уақыт дәрі-дәрмектер берілмеді. 

ХАМАС 7 қазанда кепілге алған 240-қа жуық адамның 60-ын босатты.

Кепілге алынғандардың жақындары олардың менталды жағдайы өзгеріп, жан жарасын алған дейді.

Талқылау