Солтүстік Қазақстан облысында мас күйінде көлік басқарған әкім ұсталды
Солтүстік Қазақстан облысында мас күйінде көлік басқарған әйел-әкім ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Astanatv.kz
Солтүстік Қазақстан облысының Әдеп жөніндегі кеңесі облыстағы Ғабит Мүсірепов атындағы ауылдық округтердің бірінің әкіміне қатысты тәртіптік істі қарады. Ол көлікті мас күйінде басқарып, полиция қызметкерлеріне ұсталды.
"Сот қаулысымен ауылдық округ әкімі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған жеті жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды", - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті бақылау бөлімінің бас маманы Абзал Уразамбетов.
Шенеуніктің әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ғана емес, сонымен қатар азаматтардың алдында мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге тыйым салуды көздейтін Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне де қайшы келеді. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері ауылдық округ әкіміне қызметтік талаптарды толық орындамағаны туралы ескертуді ұсынды.
Сондай-ақ, қар тазалауға келісім-шарт жасасқан кезде "Ақжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі" ММ-нің басшысы Арыстан Әбілдиновке қызметтік талаптардың толық орындалмағаны туралы ескерту жасау ұсынылды.
Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Арыстан Әбілдинов заң бұзушылық туралы білетінін, бірақ басқа амалы жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, бастапқы сома қыстың басында игерілген.
Дәл осындай жаза Талшық ауылдық округінің әкімі Ермек Қайыржановқа да ұсынылды. Оған ауылішілік жолдарды қымбат жөндеуден кейін қалған кемшіліктер себеп болды. Жаңа асфальтқа ешқандай белгі қойылмаған немесе жол белгілері орнатылмаған, бірақ жұмыстың аяқталу актісіне қол қойылған. Шенеунік барлық ескертулер жақын арада жойылады деп сендірді.