Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттік дәрігер өзін ұрып-соққан күйеуінен балаларын ала алмай жүр

Шымкентте дәрігер-эпидемиолог бұрынғы күйеуінен балаларын қайтара алмай жүр. Жанат Тәжиеваның айтуынша, оның некесі сәтсіз болған. Ол тұрмыста болған жылдарымды текке өткіздім деп өкінеді. Күйеуі бірге тұрған кезінде қол көтеріп, опасыздық жасаған. Соған қарамастан, сот екі баланы әкесіне қалдыруды жөн деп тапқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Отырар" арнасына сілтеме жасап. 

Әйелдің сөзінше, бұрынғы күйеуі оны бірнеше рет соққыға жығып, қудалап, маза бермеген. Әйел ажырасуға арыз берген. Кейін күйеуі сот арқылы балаларын тартып алған. Жанат үш айдан бері перзенттерін көре алмай отыр. 

Ұрып-соғу, көзге шөп салу, жанжалдар мен қудалау –  Жанат Тәжиева некедегі өмірін осылай суреттеді. Ажырасу процесі кезінде екі ұл анасымен бірге тұрған. Әйелдің айтуынша, ол кезде әкесі ұлдарының жағдайын да сұрамаған. Ал арада екі жыл өткен соң сотқа беріп, балаларын тартып алған. 

"Оның арызы бойынша, мен оған балаларды көрсетпейді екенмін. Ал ол балалармен бірге тұрғысы келеді. Бірақ ондай ештеңе болған жоқ. Дәлелдей аламын. Балалар анда-санда оған барып тұратын. Бірақ судья ештеңеге, тіпті ізіме түскеніне мән берген жоқ. Менің қорғаншылық құжатымды да көрсеттік. Бірақ судья оны елеместен, балалар әкесімен бірге тұрғысы келеді деген шешім шығарды", –  дейді Жанат Тәжиева. 



Адвокат Евгений Карповтың айтуынша, сотта олардың пікірі еленбеген. Жанаттың бұрынғы күйеуі бірнеше рет сөзді бөліп, арандатуға тырысқан. Ал сот процес кезінде үш рет ауысқан психологтардың байламына сүйеніп шешім шығарыпты. 

"Сотқа қатысқан балалар психологтары үш рет ауысты. Яғни балалардың тұратын жерін анықтау үшін сот үшінші психологтың байламына сүйенді. Бұл құзырет үлкен күмән тудырады", - дейді адвокат. 

Жанаттың балаларды көрмегеніне үш ай болған, ол ұлдарымен тек бейнеқоңырау арқылы байланысады. Ауданаралық сот аппеляцияны қабылдамады. Есесіне қалалық сот шешімді қайта қарады. Балалардың әкесі аппеляциялық сотқа келмеді, ал оның адвокаты іске онлайн қатысты. 

Кәмілеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша Шымкент мамандандырылған сотының шешімі 2021 жылдың 15 желтоқсанында шыққан. Бір айдың ішінде балалардың анасы аппеляцияға беруі керек еді. Алайда қаңтар оқиғасына байланысты ол үлгермеген. Себеп түсінікті болғандықтан, сот аппеляцияға беру мерзімін ұзартты. Енді іс ювеналді сотқа жіберіледі. 

Талқылау