Шығыс Қазақстанда экологиялық жағдайды жақсарту үшін бюджеттен 14 миллиард теңге бөлінбек
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Өскемендегі экология мәселесіне қатысты пікір білдіріп, арнайы бюро құрылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ainews.kz
Облыс әкімі Ермек Көшербаев экологиялық жағдайдың нашарлауына көмір жағатын үйлердің көптігі әсер ететінін айтты.
“Өзіміз де осы қалада тұрамыз. Сондықтан экология мәселесін көріп-біліп жүрміз. Бірақ бұған тек өндірістік кәсіпорындар емес, көмір жағатын пештер мен көліктер де әсерін тигізіп жатыр. Көмір дұрыс жанбағанда қатты бөлшектер ауаға тарап, ылғалды тұманмен араласады. Нәтижесінде зиян басқа газдарға айналады. Кәсіпорындары аз Алматы мен Қырғызстанның Бішкек қаласында да жел соқпаса, шаһар ішін түтін басады”, — дейді Ермек Көшербаев.
Оның айтуынша, зиян шығарындыларды рұқсат етілген шектен асырып жіберген кәсіпорындарға жылда 3,5 миллиард теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл сома экологиялық жағдайды жақсарту, мониторингті күшейтуге жұмсалмақ.
“Бір апта бұрын эколог мамандар және қоғам өкілдерімен бірге Қоғамдық кеңес жанынан тұрақты жұмыс істейтін "Өскемен тынысы" экологиялық қорғау бюросын" құру туралы ұсынысты талқыладық. Қоғам, билік пен өнеркәсіп өкілдері диалог арқылы ауа сапасына қатысты қордаланған мәселелердің шешімін табу керек. Бюро осы бағытта ұсыныстар әзірлеп, тұрғындарға ауа ластануының қауіп-қатері мен оны азайтудың жолдарын түсіндіреді. Ең бастысы, қоғамдық бақылау күшейтіледі”, — деп мәлімдеді аймақ басшысы.
Сондай-ақ Ермек Көшербаев көмір жағатын 28 мың жеке үйді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жоспарланғанын атап өтті. Ал экологиялық жағдайды жақсарту үшін әкімдіктен 14 миллиард теңге бөлінбек. Бұл бірнеше жылға арналған қаржы екен.
Еске салайық, Өскеменде түтін торлап, ауа ластанғанына байланысты оқушылар қашықтан оқитыны туралы хабарлаған едік.