Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шәмшінің қарындасы: Қалдыбек Құрманәлінің "Қалдаяқовтар жүрген мүсәпір" деп айтқаны жаныма батты

Әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы Райхан апа ағасының өнердегі, өмірдегі қыр-сыры туралы баяндап берді.

Бұл туралы “Рейтинг” басылымы жазады.

“Әлі есімде ағам қайтыс боларынан бұрын маған: «Па шіркін, сенің қолың шипалы! Ахани, маған массаж жасап берші. Адамның ауруын қайтаратын қасиетің бар, осы сенің. Менен бата алып, адам емдесеңші»,- деген еді. Мен: «Аға, қойызшы қай-қайдағыны айтпай»,- деп күлетінмін. Қазір неге ағамнан бата алмадым деп қатты өкінемін. Құдайдың өзі ағамның аузына салған ба, 1992 жылдан бастап дене жараларын емдеп келемін”, – дейді өткен күнді еске алып.

Райхан апа біраз әңгімені баяндай келе, кей әділетсіздіктерге әлі көз жұмып қарап келе жатқанын, бірақ шыдамы таусылғанын айтыпты.

“Әңгіме бүгінде өзін Шәмшітанушымын деп жүрген Қалдыбек Құрманәлі туралы. Міне сол Қалдыбектің көп ісіне көңілім толмайды. Шәмшіні «жекеменшігі» етіп алған сияқты. Шәмшінің атын жамылып, көлеңкеде жүріп-ақ талай тірлік тындыруда. Қалдыбек болмаса Шәмші елеусіз қалар ма еді?

Онсыз да Шәмшіні халық біледі, сүйеді, мақтан тұтады. Шәмші халықтың Шәмшісі. Жұрттардан естимін Қалдыбек: «Қалдаяқовтар жүрген мүсәпір, қолдарынан түк келмейді. Мен болмасам Шәмшінің аты шықпайтын еді»,- деп айтады екен. Мұнысы рас па, өтірік пе өз құлағыммен естімеппін. Бос әңгімеге болса арадағы сыйластыққа көлеңке түсірмейін деп келдім. Қалдыбектің жауы бар, досы бар солардың бос әңгімесі шығар деп те ойлайтынмын. Бірақ кейбір істеріне қарап, көңілім құлазиды”, – дейді ол кісі.

Айтуынша, Шәмшінің атынан қаншама концерт ұйымдастырғанына қарамастан, соның бірде біріне Райхан апаны шақырмайтын көрінеді.

“Астанада Шәкеңнің шығармашылығына арналған концерт болатынын естідім. Мені Шәмшінің жалғыз қарындасы деп елеп, ескеріп шақырған жан болмаған соң, өзім билет сатып алып, баруды жөн санадым. Кеш өтетін Конгресс холға хабарласып билетті қалай алуға болатынын сұрадым.

Менің сұрағыма жауап берген Айгүл есімді қыз билеттің тек Астана қаласында сатылатынын, Шымкенттен қалай алуға болатынынан хабары жоқтығын жеткізді. Сондай-ақ, билеттің құны 3000 теңгеден 8000 теңгеге дейін екендігін айтты. «Концертті ұйымдастырушы Қалдыбек Құрманәлі, сол кісіден сұраңыз», деді. Шәмшіні бизнеске айналдырып жібергені ме деген ойға қалдым. Сол күні кешке Қалдыбекке билет жөнінде хабарластым.

Ол телефонын көтермеді. Кейінірек екеуміз ұялы телефон арқылы сөйлесіп, маған айтпаған сөзі қалмады. Ол сөздерді айтуға аузым бармайды. Оның сол сөздерінен кейін қатты ауырып, төсек тартып жатып қалдым. Сонда Шәмшітанушы атанып жүрген Қалдыбектің Шәмшінің жалғыз қарындасын сыйламағаны ма?! Ағам тірі болғанда бұл қорлықты көрмейтін едім деп жылап аламын кейде”, – дейді.

Жіберіп алмаңыз:

Қайрат пен Төреғалидің “Жекпе-жекте” тең түскені тыңдармандарға ұнамай қалды

Қайрат Нұртас сыртынан ғайбаттағандарға видео-үндеу жолдады (видео)

Дильназ Ахмадиева халыққа жаңа сүйіктісін көрсетті (фото)

Жақын туысы “той жасай алмадың” деп Төреғалиді ұятқа қалдырған (фото)

Талқылау