Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейдегі перзентханада дәрігерлер жаңа туған нәрестені күйдіріп алған

Семейде төртінші баласын босанған келіншек нәрестесін дәрігерлер күйдіріп тастағанын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скрин

Алғашында дәрігерлер баланың жылытуға арналған төсенішке күйіп қалғанын мойындаған екен. Алайда кейін "бұл тұқым қуалайтын дерт болуы мүмкін" деп өз сөздерін жоққа шығарған.

32 жастағы Камаль Оразғалиева 2 қаңтарда ұл босанған. Қазір кішкентай Әлидің денесінің сау тамтығы қалмаған. Жамбасы мен иығы, арқасының терісі күйіктен үлбіреп тұр.

“Бала сау болып туды. Ешқандай ауруы, ештеңесі болған жоқ. Тоғыз ай жүрді. Әйелім ауырған жоқ. Бүкіл анықтамасы бар. Балам 4 келі 150 грамм, бойы 58 см. Аман-сау туылған бала”, – дейді сәбидің әкесі Амангелді Жұмашев. 


Нәрестеге үш рет сәтсіз ота жасаған: Талдықорған тұрғыны ұлының жағдайына дәрігерлерді кінәлайды


Ата-ананың айтуынша, дәрігерлер мұны тәулік бойы жасырып, тіс жармаған. Ал екінші күні анасына сәбидің жылытуға арналған төсенішке күйіп қалғанын мойындаған көрінеді. 

“Олардың айтуынша, бала жылытуға арналған төсенішке күйіп қалған. Мен бірден төменгі қабатқа түсіп, қарадым. Артынша олар жараны жарып, хирург шақырды. Сондай-ақ менен айқай-шу шығармауымды сұрады. Осы күнге дейін күйкіпен емдеп келген болатын. Енді "тұқымынан берілуі мүмкін, күйік емес" деп отыр”, – дейді баланың анасы Камаль Оразғалиева.

"Сәбиді күйдірмедік, бұл тұқым қуалайтын дерт болуы мүмкін" деп ақталған дәрігерлер оның қандай сырқат екенін анықтауға шамасы жетпей, сәбиді дереу Астанаға аттандырмақ. 

“Басында біз күйік деп есептедік. Оны жоққа шығармаймыз. Ол диагнозбен Астанадағы дәрігерлерге бәрін айттық. Оны жоққа шығарып отырған ешкім жоқ. Қазір бұл белгілер күйікке ұқсамай жатыр. Қалыпты жағдайда күйік алты тәулікте жиналып, өзіңіз қолыңызды күйдірсеңіз де, ол жақсарады”, – дейді Абай облысының бас неонатолог дәрігері Шынар Астаева. 

Еске салсақ, бұған дейін Қызылордада батарейка жұтып қойып, көз жұмған 1,5 жасар қыздың ата-анасы өліміне дәрігерлерді кінәлайтынын мәлімдеген еді. 

Талқылау