Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Садыр Жапаров Қырғызстанның барлық бұрынғы президенттерін жинап, ел болашағы үшін бірігуге шақырған

Садыр Жапаров Қырғызстанның барлық бұрынғы президенттерін жинап, кездесу өткізді. Қырғызстанның қазіргі және бұрынғы бес президентінің басқосуы Дубайда өткен. Мұндай сипаттағы кездесу бұрын-соңды ұйымдастырылмаған. Қырғызстанның бұрынғы басшыларының көбі жаппай наразылық нәтижесінде биліктен кетіп, кейбіріне қатысты қылмыстық іс қозғалған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жапаровтың сөзінше, бұрынғы президенттер өткен оқиғаларды талқылап, бірігу бастамасын қолдаған.

"Бұрынғы президенттер бір-біріне реніштерін айтып, жіберген қателіктерін мойындады. Ең бастысы, олар бір-бірін кешіре білді. Менің мақсатым да осы еді. "Иә, саясатта әрқайсысының кемшіліктері болды, қайғылы оқиғалар мен қантөгістер болды", - деді Қырғызстан президенті.

Кездесуге Асқар Ақаев, Құрманбек Бакиев, Роза Отынбаева, Алмазбек Атамбаев және Сооронбай Жээнбеков қатысқан. Кездесу "бейтарап аумақта өтті", - дейді президент. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол Дубайда болған.



Садыр Жапаров өз сөзінде қазір жаһандану дәуірінде ішкі тұрақтылық пен ұлттық бірлікке ұмтылған елдер ғана дамып, қуатты мемлекетке айналып жатқанын атап өткен.

Қырғызстан тәуелсіздік алғалы бері президент қызметін Асқар Ақаев (1991-2005 жылдары), Құрманбек Бакиев (2005-2010 жылдар), Роза Отынбаева (2010-2011 жылдары), Алмазбек Атамбаев (2011-2017 жылдары) және Сооронбай Жээнбеков (2017-2020 жылдары) атқарған.

Ақберен Амангелді
Дүйсенбі, 20 Ақпан, 2023 11:18
Талқылау