Рыбакина мен Путинцева Аустралия ашық біріншілігінде кімге қарсы ойнайтыны анықталды
Мельбурнде өткен Австралия ашық чемпионатының жеребесі белгілі болды. Әйелдер турнирінің жеребесі бойынша әлемнің алтыншы ракеткасы Елена Рыбакина бірінші айналымда аустралиялық Эмерсон Джонсқа (WTA 371) қарсы ойнайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Мәліметтерге сенсек, аустралиялық теннисші Эмерсон Джонс ұйымдастырушылардың wild card (WC) жүлдесін алған.
Ал 25-ракетка Юлия Путинцева бірінші матчта Армения өкілі Элина Аванесянға (WTA 44) қарсы ойнайды.
Әйелдер арасындағы жекелей жарыстың толық жеребесін мына жерден көруге болады.
Сонымен қатар Бублик пен Шевченко да Аустралия ашық чемпионатында алғашқы айналымдағы қарсыластарын анықтап алды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева өз мансабындағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, әлемдік рейтингте 25-орынға көтерілді. Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) маусымның алғашқы турнирлерінің қорытындысы бойынша әлемдік рейтингті жаңартты. Бұған дейін Путинцева үшін ең жоғары көрсеткіш – 27-орын болған. Ал қаңтардың 3-інен 4-іне қараған түні Аустралияда United Cup командалық жартылай финалдық кездесуінің екінші ойыны аяқталды. Турнирде әлемнің алтыншы ракеткасы Елена Рыбакина мен WTA рейтингінде екінші орындағы ойыншы Ига Швёнтек өнер көрсетті. Ойын Польша теннисшісінің пайдасына 7:6 (7:5), 6:4 есебімен аяқталды.